Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Абай облысында биылғы жылдың төрт айында тұрмыстық салада 1345 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес негізгі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін, ал әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын атап өтті.

‼️Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорлардың жауапкершілігін күшейту және зардап шеккендерге қолдау көрсету мәселелері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында талқыланды. Профилактикалық жұмыстар туралы Абай облысы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мейрбек Нурекенов баяндады.

👮‍♂️Спикердің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Осыған байланысты жәбірленушілерді қорғауды күшейтуге және «отбасылық бұзақылардың» жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілген.

– Белгілі болғандай, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Оның бастамасымен қолданыстағы заңнамаға «отбасылық бұзақылардың» жауапкершілігін күшейтуге және олардың құрбандарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстырумен қатар, 2025 жылғы 16 шілдеден бастап «сталкинг», яғни адамның еркінен тыс заңсыз қудалау, сондай-ақ «некеге тұруға мәжбүрлеу» әрекеттері үшін жауапкершілік енгізілді. Биыл аталған баптар бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық пен күш қолдану деректеріне жол берген 34 тұлға анықталды. – деді Мейрбек Нурекенов.

Спикердің сөзінше, полиция қызметкерлері агрессивті мінез-құлыққа бейім адамдармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жәбірленушілерді қорғау шараларын қабылдауда.

– Осындай фактілердің алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері аталған санаттағы тұлғаларды анықтау және профилактикалау бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізуде. Нәтижесінде, биылғы жылдың 4 айында тұрмыстық салада 1345 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, олардың басым бөлігін «отбасылық жанжалдар» құрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 1149 қорғау нұсқамасы шығарылып, олардың талаптарын бұзғаны үшін 122 адам жауапкершілікке тартылды. Айта кету керек, тұрмыстық салада тіркелген 1345 материалдың 100-інде қайталану белгілері бар, яғни құқық бұзушылықтар бір жыл ішінде екі және одан да көп рет жасалған. Бұл жекелеген азаматтардың агрессивті мінез-құлқы сақталып отырғанын және оларға қатысты профилактикалық жұмыстар мен бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді, – деп толықтырды Мейрбек Нурекенов.

Сонымен қатар спикер агрессорларды қайта әлеуметтендірумен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, әсіресе отбасылық жанжалдардың куәсі болған балаларға қолдау көрсету мен бейімдеудің маңызы зор екенін атап өтті.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1221574?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді