Асқарбек Ертаев «Отбасы институты: диалог, серіктестік, даму» халықаралық форумына қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған «Отбасы институты: диалог, серіктестік, даму» форумына қатысып, отбасы институтын нығайту және жан-жақты қолдау бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, отбасы – ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ететін, ұлттық құндылықтарды сақтайтын және қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын басты әлеуметтік институт.

«Бүгінде мемлекеттік отбасы саясаты қазақстандық қоғамның негізі саналатын отбасы институтын қолдауға, нығайтуға және қорғауға бағытталған қағидаттар, міндеттер мен басым шаралардың біртұтас жүйесі ретінде қарастырылады. Отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды сақтап, дәріптеуге, сондай-ақ аға буынға қамқорлық көрсетуге бағытталған жаңа Конституция нормаларының маңызы ерекше», – деді Асқарбек Ертаев.

2026 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға ұлғайтылды. Биыл бұл мақсаттарға 1,7 трлн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда әлеуметтік қолдау шараларымен 1,8 миллионнан астам азамат қамтылып отыр.

Министр көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыру аясында Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Бұл жүйе азаматтардың қажеттіліктерін алдын ала анықтап, тиісті қолдау шараларын проактивті форматта ұсынуға мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік саланы цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Негізгі назар төлемдерді проактивті түрде тағайындаудың техникалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, мәліметтерді тексеру үдерісін автоматтандыруға, мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасуды дамытуға және шешім қабылдау кезінде адами факторды азайтатын цифрлық құралдарды енгізуге аударылып отыр», – деді министр.

Форум барысында Отбасын қолдау орталықтарының жұмысына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған мұндай нысандардың саны бүгінде 158-ге жетті. Олар азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша психологиялық, құқықтық, әлеуметтік және кәсіпкерлік бағыттағы кешенді қызметтер көрсетеді. 2026 жылы Отбасын қолдау орталықтарының қызметіне шамамен 25 мың адам жүгінді.

Сөз соңында министр отбасы институтын нығайту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Айта кетейік, форумға мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық ұйымдар, сарапшылар, ата-аналар қауымдастығының мүшелері қатысуда. Шара аясында Отбасын қолдау орталықтарын дамытуға қатысты заманауи әдістер мен тәжірибелерді енгізу, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері жан-жақты талқыланатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1220832?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді