Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңіне қатысуға өтінім қабылдау басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және отбасының қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңіне қатысуға өтінім қабылдау басталды.

Конкурстың өткізілу барысы туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан мен Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы Үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Конкурстың басты мақсаты – адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық отбасының оң бейнесін қалыптастыру.

Әсіресе жауапты некені насихаттауға, балалар тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыруға, аға буынға қамқорлық көрсетуге және ұрпақтар сабақтастығын бекемдеуге ерекше назар аударылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс отбасылық құндылықтарды құрметтеу мәдениетін дамытуға, көпбалалы және үлгілі отбасыларды қолдауға, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстаным мен қоғамдық жауапкершіліктің үлгілерін насихаттауға ықпал етеді.

Конкурсқа қатысу үшін белгіленген үлгіге сәйкес, электронды форматта өтінім беру қажет. Өтінімге ата-аналардың немесе қамқоршылардың жеке куәліктерінің көшірмесі, сондай-ақ балалардың туу туралы куәліктері қоса тіркелуі тиіс. Міндетті құжаттардың бірі – неке қию туралы куәліктің көшірмесі.

Сонымен қатар отбасы мүшелерінің еңбек, спорт, шығармашылық, ғылыми және қоғамдық қызметтегі жетістіктерін растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.

Құжаттар топтамасына ұсыным хаттар мен отбасының волонтерлік, қайырымдылық және қоғамдық пайдалы қызметке қатысқанын дәлелдейтін материалдар кіреді.

Бұдан бөлек, жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру қажет. Қабылдаушы және қамқоршы отбасылар қосымша түрде қорғаншылық немесе қамқоршылық тағайындалғанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.

Бар болған жағдайда балаларды тәрбиелегені үшін мадақтаулардың, белгілі бір жетістіктері үшін алған мадақтаулардың бар екенін куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ ата-анасының бірі қайтыс болған жағдайда тиісті куәліктің көшірмесін қоса тіркеуге болады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда өтінім берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасына қайтарады.

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасы ұсынылған құжаттар қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде пысықталған өтінімді қайта береді.

құжаттар топтамасы толық болмаған жағдайда комиссия екі жұмыс күні ішінде өтінімді толықтыру үшін қайтарады. Құжаттарды үш күн ішінде қайта тапсыруға болады.

Белгіленген мерзімнен кейін тапсырылған құжаттар конкурсқа қабылданбайды. Ұсынылған материалдар кері қайтарылмайды.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 маусымға дейін жалғасады.

Құжаттарды PDF форматында мына электронды поштаға жолдау қажет: mereyli.otbasy2026@mail.ru.
Конкурсқа қатысу шарттары мен құжат тапсыру тәртібі туралы толық ақпаратты мына телефон нөмірлері арқылы алуға болады: 8 771 624 3037; 8 778 161 2478.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1221582?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді