
Астанада Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы институттары: диалог, серіктестік, даму» атты халықаралық форум ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, отбасын қолдау орталықтарының жетекшілері, үкіметтік емес сектор өкілдері, білім беру, психология және әлеуметтік жұмыс саласының мамандары жиналды.
Форумға ҚР Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Эльвира Яушева қатысты.
Жиын барысында сөз сөйлеген ҚР Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл отбасының тұлға қалыптастырудағы және адам бойындағы құндылықтар жүйесін орнықтырудағы маңызын атап өтті.
«Адамның тұлға ретінде қалыптасуы, оның адамгершілік ұстанымдары, үлкенге құрмет көрсетуі, Отанға деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілік сезімі ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасы институтын нығайту мәселесі бүгінде Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағытына айналып отыр», – деді Снежанна Имашева.
Форум бағдарламасы аясында TEDx-сессия ұйымдастырылып, отбасын қолдау бағытындағы үздік әлеуметтік жобалар мен тәжірибелер таныстырылды. Қатысушылар отбасы институтын дамыту, отбасын қолдау орталықтарының қызметі, ажырасудың алдын алу, отбасындағы татулық пен сыйластықты нығайту, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетудің заманауи тәсілдерін талқылады.
«Ата-аналар академиясы» жобасы аясында саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға және отбасындағы қолайлы ортаны нығайтуға бағытталған тәжірибелер таныстырылды.
Сонымен қатар үздік нәтиже көрсеткен Отбасын қолдау орталықтарының басшылары мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының өкілдері марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1221576?lang=kk

Жауап қалдыру