Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары: инвестициялық меморандумдар пакетіне қол қойылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында қытайлық ірі компаниялар мен халықаралық өнеркәсіптік топ өкілдерімен екіжақты кездесулер өтіп, оларға өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Келіссөздер нәтижесінде өңірдегі стратегиялық маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдар пакетіне қол қойылды.

Қытай соңғы жылдары Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі ретіндегі мәртебесін сақтап келеді. Шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау және бірлескен жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасын одан әрі дамытуда стратегиялық мәнге ие.

Атырау облысы аумағындағы алғашқы өндірістік жобаларды іске асыруға биылдан бастап кірісу туралы келісімге қол жеткенін сапардың басты нәтижесі деуге болады.

Apex Century – FastForm 3D — металл 3D-баспа және аддитивті өндіріс саласындағы жабдықтар мен кешенді шешімдерге маманданған компания. Ол өнеркәсіптік прототиптеу, машина жасау, медицина, аэроғарыш және өзге де жоғары технологиялы бағыттарда жұмыс істейді. Облыс әкімімен өткен кездесуде компанияның технологиялық мүмкіндіктері таныстырылып, бұл өндірісті Атырау облысында игерудің нақты параметрлері қарастырылды. Жобаны іске қосу өңірде алғаш рет 3D-баспа технологияларының көмегімен күрделі металл бұйымдарын, қосалқы бөлшектер шығаруға, мұнай-газ, машина жасау және сервистік салалар кәсіпорындарын заманауи өндірістік технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс делегациясы халықаралық NorthGlass тобының құрамына кіретін және шыныны шынықтыру, кесу, жуу, дайындау жүйелерін қамтитын автоматтандырылған терең өңдеу шешімдеріне маманданған Shanghai North Glass Automation Technology Co., Ltd. компаниясында болды. Сапар нәтижесінде Атырау облысында шыңдалған шыны шығару жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды. Жоба аясында шамамен 30 жұмыс орны ашылып, жергілікті нарықты сапалы шыны өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ құрылыс материалдары импортына тәуелділік төмендеп, өңірде шыныны терең өңдеудің заманауи технологиялары енгізіледі.

Осы өндірістерді жергіліктендіру және Атырау облысында шығарылатын қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыру импортқа тәуелділікті азайту бағытындағы шаралардың нақты нәтижесі болмақ.

Қоршаған орта және жерді қалпына келтіру: шөлейттенуге қарсы меморандум

Экология және жер ресурстарын тұрақты дамыту саласындағы келісімдер сапардың тағы стратегиялық маңызды бағытының бірі болды. Аумақтарды кешенді дамыту, жер ресурстарын басқару және экологиялық жобаларды іске асыру саласындағы жетекші қытайлық компаниялардың бірі Shandong Land Development Group Co., Ltd.- мен арада меморандумға қол қойылды. Құжат 38 мың гектарға дейінгі аумақты көгалдандыру, шөлейттенуге қарсы күрес және тозған жерлерді қалпына келтіру жобасын жүзеге асыруды көздейді. Осы ынтымақтастық шеңберінде өңірдің климаттық жағдайына бейімделген өсімдіктер мен ағаш түрлерін іріктейтін мамандандырылған ғылыми-зерттеу институтын құру мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Жобаларды жергіліктендіру және одан әрі нақтылау жөніндегі келіссөздер мен меморандумдар

Сапарда көзделген басқа да бағыттар бойынша қытайлық ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, Атырау облысында өндірістерді жергіліктендіру және инвестициялық жобаларды одан әрі пысықтау жөнінде бірқатар меморандумға қол қойылды.

Заманауи материалдар мен энергетикалық шешімдер бағытындағы ірі өндірушінің бірі саналатын Shandong 014 Advanced Materials Co., Ltd. компаниясымен облыс аумағында өндірістік кешен салу мәселесін нақтылау жөнінде келісімге қол жетті.

Жоғары технологиялы мұнай-газ жабдықтарына, инжиниринг және сервистік шешімдерге маманданған халықаралық Kerui Petroleum & Gas өнеркәсіптік тобымен бірге Атырау облысында мұнай-газ жабдықтарын шығару және қызмет көрсету бойынша сервистік-өндірістік орталық құру мүмкіндігі талқыланды. Жобаны іске асыру мұнай-газ сервисін жергіліктендіру деңгейін арттырып, саланың сырттан тасымалданатын өнімдерге тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.

Атырау облысының әкімдігі, Қытайдағы ірі EPC-топтардың бірі саналатын China MCC20 Group Corp. Ltd. компаниясы және «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС арасында Атырау қаласында тәулігіне 600 тонна қатты тұрмыстық қалдық өңдейтін Waste-to-Energy технологиясы негізіндегі энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу жобасын бірлесіп іске асыру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Hebei Haode Boron Industry Co., Ltd. компаниясымен Атырауда құрамында күкірті бар қалдықтарды өңдейтін және бентонитті тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу мәселесін пысықтау туралы меморандумға қол қойылды. Жоба шикізатты терең өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған.

Өнеркәсіптік жабдықтарды лазерлік әдіспен қалыпқа келтіру және ремануфактура саласына маманданған Hebei Ruizhao Laser Remanufacturing Technology Co., Ltd. компаниясымен Атырау облысында компрессорлар, турбиналар, электр қозғалтқыштарын жөндеу және қосалқы бөлшектерді қалпына келтіру бойынша мамандандырылған цех ашу мәселесін нақтылау туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба жергілікті өнеркәсіптік сервисті дамытуға және шетелдік жөндеу қызметіне тәуелділікті азайтуға жағдай жасайды.

Мұнай-газ, химия және энергетика салаларына арналған жарылыстан қорғалған электр техникалық жабдықтары мен өнеркәсіптік қауіпсіздік шешімдерімен танылған Warom Technology компаниясымен «Атырау» арнайы экономикалық аймағында өндірісті жергіліктендіру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл өңірдің мұнай-газ және мұнай-химия секторындағы кәсіпорындарын жарылыстан қорғалған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге жол ашады.

Сапар барысындағы келісімдер мен уағдаластықтар өңірдің өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыра түсуге негіз болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1221601?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді