
Халықаралық отбасы күніне орай ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілдері Алма Сыдыкова мен Дастан Шименбаевтың ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар өткізілді. Іс-шара отбасы институтын нығайтуға, тәрбие саласындағы өзекті сын-қатерлердің алдын алуға және құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталды.
Семинар аясында үш негізгі бағыт бойынша сарапшылық талқылаулар ұйымдастырылды.
Алғашқы спикер — «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының бөлім басшысы Нағима Бексұлтанова отбасылық қарым-қатынастардың психологиялық негіздеріне тоқталып, отбасындағы эмоционалдық тұрақтылық пен үйлесімділіктің мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметіне тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Келесі болып ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің бас сарапшысы Миргуль Калабаева деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелерін көтерді. Ол мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін жат идеологиялардың ықпалынан қорғаудың маңыздылығын және зайырлылық қағидаттарын сақтау қоғам тұрақтылығының негізгі факторы екенін атап өтті.
Семинарды қорытындылаған ҚР Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Алма Сыдыкова мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы бейнесі мен отбасы алдындағы жауапкершілігі туралы мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер — ажырасу көрсеткішінің артуы, лудомания, нашақорлық және жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу қажеттілігіне ерекше назар аударды.
«Мемлекеттік қызметшінің әдептілік бейнесі тек қызметтік ортада ғана емес, отбасында да қалыптасады. Отбасы — рухани қауіпсіздік пен жауапкершіліктің негізі. Заң мен тәртіп ең алдымен өз шаңырағымыздан басталуы тиіс», — деді Алма Сыдыкова.
Іс-шара соңында қатысушыларға отбасылық құндылықтарды нығайту, жат ағымдардың алдын алу және бала тәрбиесіне қатысты әдістемелік ұсынымдар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1221390?lang=kk

Жауап қалдыру