
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қатарында ішкі істер органдарында қызмет барысында танысып, шаңырақ көтерген 30 отбасы қызмет атқарады. Оларды тек қызмет қана емес, тағдыр да тоғыстырған.
Олар күн сайын қоғамдық тәртіпті күзетіп, күрделі қызметте бір-біріне қолдау көрсетіп, мамандыққа адалдық пен отбасылық құндылықтардың үлгісін көрсетіп келеді. Көпшілігі балалар тәрбиелеп, жас ұрпақтың бойына заңға құрмет, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін сіңіруде.
Осындай отбасылардың бірі — Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Ұзақбаев Әли Ахатұлы және Полиция департаментінің аға криминалисі, полиция майоры Шаулиева Ақмарал Матжанқызы. Ерлі-зайыптылар қызмет барысында танысып, 2015 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде олар үш бала тәрбиелеп, қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүр.
Сондай-ақ полицей отбасылардың бірі — Маңғыстау облысы Полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жанысбай Арайлым Жанысбайқызы және Маңғыстау аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы, полиция капитаны Өтеков Дәурен Камилұлы. Олар да қызмет барысында танысып, бүгінде ұл тәрбиелеп отыр. Жұбайлар өзара түсіністік пен қолдаудың, мамандыққа адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Берік отбасы — әр қызметкер үшін сенімді тірек. Полицей отбасылары адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, дәстүр сабақтастығын сақтауға және қызметтің оң имиджін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді.
Халықаралық отбасы күніне орай Маңғыстау облысы Полиция департаменті барлық қызметкерлердің отбасыларын мерекемен құттықтап, амандық, татулық, бақыт пен ашық аспан тілейді.
https://www.instagram.com/p/DYW2UKIDJWU/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1221226?lang=kk

Жауап қалдыру