
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы жаңадан тағайындалған Бас консулы Джафар Заманимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар инвестиция, көлік-логистика, туризм, мәдени-гуманитарлық байланыстар, балық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Сонымен қатар виза рәсімдеу, көші-қон және кеден саласындағы мәселелер қаралды.
Нұрдәулет Қилыбай Джафар Заманиді жаңа қызметімен құттықтап, Маңғыстау облысының көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетіне тоқталды.
– Маңғыстау облысы бүгінде Каспий маңындағы маңызды көлік-логистикалық және инвестициялық хабтардың біріне айналып келеді. Өңірде порт инфрақұрылымы қарқынды дамып, халықаралық транзиттік бағыттар кеңейіп жатыр. Біз инвесторлармен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Джафар Замани Маңғыстау облысының экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, Иран тарапының әріптестікті одан әрі дамытуға қызығушылық танытатынын жеткізді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 39,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда өңірде Иран капиталының қатысуымен 77 кәсіпорын тіркелген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1220526?lang=kk

Жауап қалдыру