
Қазақстанда жұмыс істеп тұрған көмір электр станцияларындағы шығарындыларды азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ деректеріне сәйкес, Петропавл ЖЭО-2-де ластаушы заттар шығарындыларының деңгейі белгіленген нормативтерден тұрақты түрде төмен болып отыр, ал жекелеген көрсеткіштер бойынша 3–4 есеге дейін азайған. Мұны эмиссиялардың негізгі көздеріне орнатылған автоматтандырылған мониторинг жүйелерінің деректері растайды.
Мәселен, №1 мұржа бойынша күкірт диоксидінің нормативі 4194 мг/нм³ болса, 2025 жылғы нақты көрсеткіш небәрі 1186 мг/нм³ құрады.
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі – түтін мұржалары мен төгінді нүктелеріне орнатылған датчиктер мен контроллерлер кешені. Жүйе атмосфераға және су нысандарына шығарылатын ластаушы заттардың концентрациясын үздіксіз бақылап, деректерді жинап және беріп отырады. Бұл үдерісте адам факторы толықтай алынып тасталған.
Мұндай жүйелер Петропавл ЖЭО-2-нің түтін мұржаларында, сондай-ақ Есіл өзеніне су шығару нүктесінде жұмыс істейді. Жабдықтар нақты уақыт режимінде азот оксиді мен диоксидінің, көміртек оксидінің, күкірт диоксидінің және шаңның мөлшерін бақылайды.
Жалпы, Энергетика министрлігі көмір генерациясын дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны іске асыруда. Жоба аясында қоршаған ортаға әсерді төмендетуге бағытталған «таза көмір» технологиялары кешенін енгізу көзделген. Жаңа электр станциялары будың және температураның аса жоғары критикалық параметрлерінде жұмыс істейтін болады. Бұл электр энергиясын өндіру тиімділігін 5–6 пайызға арттыруға, көмір шығынын азайтуға және ластаушы заттар шығарындыларын төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шаң мен күлді ұстауға арналған электрофильтрлер мен жеңді сүзгілер, азот оксидтері шығарындыларын азайтуға арналған селективті каталитикалық қалпына келтіру жүйелері, сондай-ақ түтін газдарынан күкірт қосылыстарын жоятын десульфуризация қондырғылары секілді заманауи газтазарту жабдықтары орнатылады.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде көмір электр станцияларындағы ластаушы заттар шығарындыларын 34%-ға қысқарту, негізгі генерациялайтын жабдықтардың тозу деңгейін төмендету және энергия жүйесінің сенімділігін арттыру күтілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1220543?lang=kk

Жауап қалдыру