
Қызмет пен отбасылық құндылықтарды үйлестіріп, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген жанұялардың бірі — Қаратал аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны патрульдік полиция аға инспекторы Умаров Нұрман Исатайұлының отбасы.
Нұрман Исатайұлы Көксу ауданы, Қойбыш ауылында дүниеге келген. 2013 жылдан бері құқық қорғау саласында табанды еңбек етіп келеді. Бүгінде Қаратал аудандық полиция бөлімінде әкімшілік тәжірибе инспекторы лауазымында қызмет атқарады. Қызмет жолында бірнеше алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталып, абыройлы еңбек етіп жүрген тәжірибелі тәртіп сақшысы.
2014 жылы Панфилов ауданы, Жаркент қаласының тумасы Әбін-Ғазиева Айгерім Нұрланқызымен шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда олар екі ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Ұлдары Мансұр Нұрманұлы – мектеп оқушысы, облыстық және аудандық байқаулардың жүлдегері, футбол спортын жаны сүйеді. Қыздары Айсана Нұрманқызы балабақшада тәрбиеленіп жатыр.
Умаровтар отбасы қоғамдық шараларға белсене қатысып келеді. 2023 жылы «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылған облыстық «Жанұялы эстафета» байқауында 2-орынды иеленсе, 2024 жылы «Әкем, шешем және мен» атты спорттық жарыста белсенділік танытып, Алғыс хатпен марапатталған.
Бұл отбасының басты ерекшелігі — ұлттық құндылық пен тәрбиені отбасылық өмірде берік ұстануы. Балаларына отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды асыл қасиеттерді үйретіп, жанұялық дәстүрлерді сақтап келеді.
Нұрман Исатайұлының отбасы — тәртіп пен тәрбиені, қызмет пен сүйіспеншілікті ұштастыра білген өнегелі жанұялардың жарқын үлгісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1221425?lang=kk

Жауап қалдыру