Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде цифрлық технологиялар, ғарыш саласы және жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуге қатысты бірқатар маңызды бастама көтерді.

Мемлекет басшысы ең алдымен ұйымға мүше мемлекеттер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тану мәселесін бірлесе шешуді ұсынды. Президенттің айтуынша, бұл қадам сауда-экономикалық байланыстарды жеңілдетіп, елдер арасындағы іскерлік қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ғарыш саласын бірлесе игерудің стратегиялық маңызына тоқталды. Оның пікірінше, түркі мемлекеттерінің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті спутник байланысы, навигация және мониторинг бағыттарында ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға толық жеткілікті. Осы ретте Президент «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңызын ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласында жоғары білікті мамандар даярлау үшін Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Бұл бастама тәжірибе алмасуға, кадрларды бірлесіп даярлауға және озық технологияларды кеңінен енгізуге жол ашады.

Президент Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар Қазақстан түркі мемлекеттерінің азаматтарына осы жоғары оқу орнында білім алу үшін арнайы гранттар бөлуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технологиялар бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада өткізуді де ұсынды. Оның пікірінше, бұл бастамаларды жүзеге асыруға Түркі инвестициялық қоры қаржылық қолдау көрсете алады.

Президент Қордың жарғылық капиталы 600 миллион долларға жеткенін атап өтіп, оны одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Мемлекет басшысы бұл құрылым барлық стартаптарға қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсенді қатысады деген сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1221593?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді