
Форумға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, сауда палаталарының, іскерлік бірлестіктердің, кәсіпкерлер қауымдастығының, логистикалық компаниялардың, инвестициялық құрылымдардың, халықаралық серіктестердің, сондай-ақ түрік кооперативтері мен шетелдік бизнес өкілдерінің қатысушылары жиналды.
Іс-шара аясында «Инвестиция тартудың практикалық тетігі ретінде өндірістік, ауыл шаруашылығы, логистикалық және сауда кооперациясының бірыңғай платформасын іске қосу» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Өз сөзінде Айтмұхаммед Алдажаров экспорттаушыларды қолдау шаралары мен QazTrade-тің қазақстандық өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге бағытталған практикалық тәсілдерін таныстырды.
«Біздің міндетіміз – тек жеткізілім көлемін ұлғайту емес, Қазақстанды тұрақты сапалы өнім ұсынатын сенімді серіктес ретінде қалыптастыратын орнықты экспорттық тізбектер құру», – деді ол.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен тауар айналымы 12,9 млрд АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,2%-ға өсті. Ал қазақстандық экспорт көлемі 19,9%-ға артып, 9,49 млрд АҚШ долларына жетті. Өсімнің негізгі драйверлері ретінде қосылған құны жоғары өнімдер бидай, күнбағыс майы, металл өнімдері, кондитерлік тауарлар, дайын азық-түлік және минералды су жеткізілімдері бар.
Сондай-ақ жиын барысында QazTrade жүзеге асырып жатқан экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдары таныстырылды. Олардың қатарында экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы, сауда-экономикалық миссиялар, B2B форматындағы кездесулер, цифрлық экспорт құралдары және отандық компанияларды халықаралық маркетплейстерде ілгерілету шаралары бар.
2025 жылы іске қосылған «QazTrade Alliance» ұлттық экспорттаушылар альянсына да ерекше назар аударылды. Альянс өндірушілерді, ритейлерлерді, салалық сарапшылар мен мемлекеттік институттарды біріктіріп, отандық компанияларды сыртқы нарықтарға кешенді түрде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Бұл қолдау маркетинг пен сертификаттаудан бастап логистика мен шетелдік серіктестерді іздеуге дейінгі барлық бағыттарды қамтиды.
QazTrade өкілдерінің айтуынша, ТМҰ елдері арасындағы кооперацияны дамыту тек саудамен шектелмеуі тиіс. Ол бірлескен инфрақұрылым қалыптастыру, бірыңғай цифрлық шешімдерді енгізу, келісілген логистикалық тәсілдер мен тұрақты өндірістік байланыстарды дамыту арқылы жүзеге асуы қажет.
Форум барысында қатысушылар ТМҰ елдерінің бірыңғай кооперациялық платформасын құру перспективаларын да талқылады. Аталған платформа өндірушілерді, фермерлерді, қайта өңдеушілерді, логистикалық операторларды, сауда желілері мен инвесторларды біріктіретін тиімді тетікке айналуы мүмкін.
QazTrade бұл бастаманы іске асыру үшін экспортқа дайындық диагностикасынан бастап экспорттық мәмілелерді цифрлық сүйемелдеуге дейінгі өз әдіснамасы мен платформалық шешімдерімен бөлісуге дайын екенін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1220955?lang=kk

Жауап қалдыру