
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға арналған «Сөзжасам» жобасы биылғы жұмысын бастады.
14 мамыр күні жобаның негізгі бағыттарының бірі – «Индустрияда бір күн» пресс-десант іс-шарасы өтеді.
Сараптамалық топ өндіріс саласындағы жұмыс үдерісімен танысу мақсатында өнеркәсіп нысандарында сұқбат-экскурсиялар ұйымдастырады. Осы орайда Қарағанды өңіріндегі «ККК Бетон» ЖШС бетон және темірбетон бұйымдарын өндіру зауытына, «Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника өндіру зауытына, «ТЭМПО–Қазақстан» ЖШС болаттан жасалған тік тігісті электрмен дәнекерленген құбырлар өндіру зауытына және «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС мырышталған металл бұйымдарын өндіру зауытына бару жоспарлануда.
Жыл соңына дейін жоба аясындағы сараптамалық топ өндіріс саласында қазақша баламасы қалыптаспаған терминдерді біріздендіру мақсатында кәсіпорын мамандарымен жұмыс орындарында сұқбат жүргізуді көздеп отыр. Сондай-ақ өндіріс базаларын аралап, жұмыс барысымен танысып, құрал-жабдық атауларын зерттеу және олардың қазақша баламаларын нақтылау бағытында бірлескен жұмыстар жүргізеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-til-damytu/press/news/details/1220707?lang=kk

Жауап қалдыру