
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен жазғы шомылу маусымында балалар мен ересектердің белгіленбеген жерлерде шомылуы, дала өрттерін болдырмау және адам өлімінің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылауға, жоспарларды пысықтауға арналған төтенше жағдайлар комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Алқалы жиында баяндама жасаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Баймахан Баһарам судағы қауіпсіздік шараларын елемеудің адам өміріне қауіптілігі, балалардың өз еркімен таныс емес белгіленбеген орындарда шомылуға болмайтыны, каналдар мен арық-атыздарға жақын орналасқан елді мекендерде қауіпсіздік шараларын – суда шомылу ережелері мен қағидаларын қатаң сақтау, суға батқан жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын түсіндіру жұмыстары жалпы білім беру ұйымдары мен арнаулы оқу орындарында, тұрғындар көп жүретін жерлер мен қоғамдық тамақтану орындарында жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.
«Судағы аппаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.
Аудан әкімдігі мен аудандық полиция, төтенше жағдайлар мен білім бөлімі, қала, кент және барлық ауылдық округтерде рұқсат етілмеген шомылу орындарына кезекшілік жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылсын» деген аудан басшысы жұмысты өз бақылауында ұстайтынын ескертті.
Бұған дейін де аудан басшысының хаттамалық тапсырмасымен қауіпті су айдындарына 36 дана «шомылуға тыйым салынады» белгісі орнатылып, 17 аумаққа тросс тарту жұмыстары жүргізілген. Жергілікті бюджет есебінен 13 дана каркасты бассейн сатып алынып, қала, кент, ауылдық округтерге пайдалануға берілген. Жасалған ескертпелер мен тыйымдарға қарамастан белгіленбеген орындарда суға түскен тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңына сәйкес айыппұл салу жұмыстары жүргізілуде.
Жиын соңында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырып, жұмыс сапасының нәтижесін бақылауды орынбасарларына жүктеді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1220683?lang=kk

Жауап қалдыру