Ұлттық ұланда 500-ге жуық жұп қызмет етеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құқықтық тәртіп әскерінің қатарында өмірлік серігін тауып, елге бірге қызмет етіп жүрген жарасымды жұптардың саны бүгінде 500-ге жуықтап отыр. Осындай үлгілі отбасылардың бірі – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Ән-би ансамблінің музыканттары Нұрхан Мұқат пен Алтынай Тастанның өнерлі шаңырағы.

Еліміздің батысында туып-өскен қос өнерпазды тағдыр Астана төрінде, соның ішінде әскери қызметте табыстырған. Нұрхан – ансамбльдің фольклорлық тобының құрамында домбыра үнімен ұлттық өнерді дәріптеуде. Ал Алтынай – эстрадалық әндерді орындап, әскери ортадағы мәдени рухты көтеріп жүр.

Халықаралық отбасы күніне орай, қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүрген қос әскери қызметші өздерінің өнерімен және өмірлік ұстанымдарымен бөлісті.

– Әскери қызметтің жауапты міндет екенін бәріміз білеміз. Өнердің де жолы жеңіл емес. Осы орайда, жарым екеуіміз әрқашан бір-бірімізді қолдауды таңдаймыз. Өйткені, Отан отбасынан басталады! – дейді Нұрхан.

Шын мәнінде отбасы – сенім мен шабыттың, түсіністік пен қолдаудың алтын діңгегі. Олар күнделікті әскери міндеттің жауапкершілігін сезіне отырып, отбасындағы сыйластық пен бірлікті де басты құндылық санайды. Домбыраның қоңыр үні мен жүрекке жеткен әсем ән – олардың тек өнерге емес, отбасы мен Отанға деген адалдығының көрінісі.

Ұландық әскери отбасылар ел тыныштығын күзетіп қана қоймай, өнер арқылы ұлттық рухты насихаттап келеді. Үлкенді де, дәстүрді де құрметтейтін, еліне еңбек ететін осындай отбасылар Ұлттық ұлан айбынын арттырып, жас буынға үлгі болары сөзсіз. Өйткені берік отбасы – мықты мемлекеттің негізі, ал Отанға адал қызмет ету – әр азаматтың абыройлы борышы.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1220965?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді