
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлиге Мақаншы ауданында жүзеге асырылатын Бақты индустриялық-логистикалық паркінің жобасы таныстырылды.
Жоба аясында Бақты ауылында индустриялық-логистикалық парк салу көзделген. Оның жалпы аумағы 3 мың гектар. Инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларынан асады. Жобаны іске асыру мерзімі 2027-2035 жылдарға жоспарланған.
Жобаның бастамашысы әрі инвесторы -«Қазақстан-Қытай Индустриялық Паркі» бірлескен кәсіпорны. Құрылыс және инфрақұрылым жұмыстарын MakWool Group LLP және Қытайдың «Beijing DDS Decoration and Renovation Engineering Co., Ltd.» компаниялары жүзеге асырады.
Индустриялық парк аумағында машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қытайдың дәрілік шөптерін өңдеу, тұрмыстық техника мен тұрмыстық химия өнімдерін шығару, азаматтық дрондар құрастыру, жаңартылатын энергия және логистика бағытындағы өндірістер ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, еркін сауда қойма аймақтары мен логистикалық орталықтар құрылады.
Жоба аясында барлық қажетті инфрақұрылым тартылып, электр, су және кәріз жүйелері жүргізіледі. Сондай-ақ 10 мыңнан астам адамға арналған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу көзделген.
Аймақ басшысы бұл жоба өңірдің транзиттік және өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«3000 гектар үлкен аумақ. Жоба аясында бұл жерге жаңа қала салынады десе де болады. Экономиканың дамуына тың серпін беретін өндіріс нысандары осы жерге шоғырланады. Айталық осында салынатын ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорынымен Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті, Үржар аудандары серіктесе алады. Өйткені бұл аудандарда майлы дақылдар көп өндіріледі. Сондай-ақ жел, күн энергиясы қашанда қажет. Аягөз-Тачен темір жол құрылысы аяқталған соң бұл жерден шыққан тауарларды темір жолмен де автожолмен де экспорттауға мүмкіндік туады», – деді Берік Уәли.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1221757?lang=kk

Жауап қалдыру