
Әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясы Ақмола облысының білім беру жүйесін дамыту мәселелерін қарады. Баяндамамен білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов сөз сөйледі. Талқылауға білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Орал Қаппасов, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов, сондай-ақ полиция департаменті, экономика және балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының өкілдері қатысты.
Салаға жауапты ведомствоның мәліметінше, білім беру жүйесін дамыту 2023–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту тұжырымдамасы мен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Басты назар білім сапасын арттыруға, цифрландыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
2023 жылдан бері облыста 35 білім беру нысаны салынды. 2026 жылы 840 орындық үш балабақшаның құрылысын аяқтау және Қосшы қаласында 1500 орындық мектеп құрылысын бастау жоспарланып отыр. Өңірдегі 523 мектептің барлығы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Электронды күнделік пен BilimClass цифрлық платформасы енгізіліп, оны 276 мыңнан астам адам пайдаланады.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту, оқу кабинеттерін, жиһаздар мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Балабақшалар мен бірінші сыныпқа қабылдау үдерістері автоматтандырылып, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беруде.
Инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінуде. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала тұрады, 127 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді.
Биылғы оқу жылында 140 559 оқушы оқуын аяқтайды, оның ішінде 441 түлек «Алтын белгіге» үміткер. 2025–2026 оқу жылында облыс оқушылары түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда 1395 марапатқа ие болды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі өңірдің аграрлық және индустриялық секторларының сұранысына бейімделуде. 2025 жылы білім беру бағдарламаларының тізіліміне жаңа сұранысқа ие мамандықтарды қамтитын 185 бағдарлама енгізілді.
Оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Жазғы кезеңде 132 мыңнан астам баланы демалыс және жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған. Өңірде 14 лагерь, оның ішінде 7 мемлекеттік лагерь жұмыс істейді. Сонымен қатар мектеп жанындағы алаңдар мен қосымша білім беру ұйымдары қызмет көрсетеді. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді.
Депутаттар инклюзивті білім беру, кадр мәселесі, оқулықтармен қамтамасыз ету, ауыл мектептеріндегі спорт залдарының жетіспеушілігі және жасанды интеллект пәнін енгізу мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1222758?lang=kk

Жауап қалдыру