
Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Хантау ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, жаңадан салынып жатқан ауыз су имаратының құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында аудан басшысы нысан аумағын аралап, құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейін, инженерлік жүйелердің жай-күйін және мердігер мекеменің атқарып жатқан жұмыстарын зерделеді.
Аталған жоба ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болып табылады. Бүгінде нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жауапты сала мамандарының мәліметінше, су сақтау және тарату жүйелері заманауи талаптарға сәйкес жабдықталуда. Сонымен қатар, су құбырлары мен техникалық құрылғылардың сапасына ерекше назар аударылып отыр.
Жұмыс сапары кезінде аудан әкімі құрылыс қарқынының жоспарға сай жүргізілуі қажеттігін айтып, ең басты талап – сапа екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мердігер компания өкілдеріне және жауапты бөлім мамандарына халықты тәулік бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.
– Ауыз су – тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы ең маңызды қажеттіліктің бірі. Сондықтан бұл нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы – басты назарда болады. Халыққа берілетін судың тұрақты әрі қауіпсіз болуы қамтамасыз етілуі тиіс, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, инженерлік желілердің сенімділігі, техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру мәселелері де қатаң бақылауда екені айтылды.
Хантау ауылындағы ауыз су имаратының құрылысы – елді мекен инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Аталған жоба іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсарып, әлеуметтік жағдайдың артуына оң ықпал етеді деп күтілуде.
Халық арасында «Су бар жерде – тіршілік бар» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Ауылға таза ауыз судың тұрақты келуі – тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ауылдың болашағына жасалған маңызды инвестиция болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1222522?lang=kk

Жауап қалдыру