
Приозерск қалалық мәслихатының депутаттары Орталық алаңда жүргізіліп жатқан құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысын бақылап, нысандарды аралап көрді. Көшпелі тексеріс барысында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, құрылыс талаптарының сақталуына және жұмыстардың уақытылы орындалуына ерекше назар аударылды. Қаладағы 70 жылдық мерейтой аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мақсаты — тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, шаһардың сәулеттік келбетін жаңарту. Орталық алаңдағы абаттандыру жұмыстарын ПромСтройГарант ЖШС жүзеге асыруда. Жоба аясында асфальт жабындылары жаңартылып, тротуарлар ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар, жарық бағандары мен орындықтар орнату көзделген. Депутаттар мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, құрылыс қарқыны мен сапасы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, Ер-Тай ЖШС демеушілігімен орталық алаңдағы субұрқақ маңын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған аумақта тротуар төсемдері ауыстырылып, субұрқаққа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Депутаттар қала аумағында атқарылып жатқан барлық құрылыс және жаңғырту жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karaganda-priozersk/press/news/details/1222558?lang=kk

Жауап қалдыру