Павлодар ауданында жаңа май зауыты іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар ауданы өңірдегі негізгі аграрлық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтуды жалғастыруда. Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Кемеңгер ауылындағы «KEMENGER MAY» ЖШС-нің жаңа зауытының ашылу рәсіміне қатысты.

Кәсіпорын шикізатты терең өңдеуге және тазартылмаған күнбағыс майын өндіруге арналған заманауи технологиялық желімен жабдықталған. Жоба 2025-2026 жылдары жүзеге асырылып, инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 60 мың тоннаға дейін шикізат өңдеп, 35 мың тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 25 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жаңа зауыт ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталған.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы мұндай өндірістердің іске қосылуы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауылдық аумақтардың дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір жаңа кәсіпорын халыққа тұрақты жұмыс пен ертеңгі күнге сенім беруі тиіс екенін үнемі айтып келеді. «KEMENGER MAY» зауытының ашылуы Павлодар ауданы мен жалпы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызды қадам. Бұл – бизнес пен мемлекеттің тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісі, – деді Асайын Байханов.

Жұмыс сапары барысында көктемгі егіс жұмыстарына ерекше назар аударылды. Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, 2026 жылы аудандағы егіс алқабы 126,7 мың га құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 мың га артық. Өсім майлы дақылдардың алқабын, әсіресе күнбағыс егістігін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген. Күнбағыс алқабы 40,2 мың га дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар картоп пен көкөніс дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде ауданда егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр. Дала жұмыстарына мыңнан астам трактор мен 580-нен астам егіс кешені жұмылдырылған. Жыл басынан бері диқандар 1 млрд теңгеге 21 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 2182 тонна дизель отыны бөлініп, оның 79% төленді. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2,9 млрд теңге несие берілді. 2026 жылы тұқыммен қамтамасыз ету деңгейі – 100%.

Суармалы егіншілікті дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта суармалы жер көлемі 18,5 мың га құрайды. Келесі жылы «Agro-Trade PV» ЖШС мен «Andas Agro» ЖШС-нің жаңа жобалары есебінен бұл көрсеткішті 20 мың га дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы Ефремовка ауылындағы «Ткачук» шаруа қожалығының егіс алқаптарында болды. Шаруашылық 5 мың га жерді өңдейді. Мұнда құны 600 млн теңге болатын, сыйымдылығы 15 мың тоннаға арналған астық қоймасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тәулігіне 10 бас мал союға арналған цех салу және ет бағытындағы мал басын 200 басқа дейін көбейту жоспарланған. Әрбір жобаға 30 млн теңгеден инвестиция салу қарастырылған.

Сапар барысында облыс әкімі өңірдегі фермерлік шаруашылықтардың басшыларымен кездесіп, егіс науқанының барысын, диқандарды мемлекеттік қолдау шараларын және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Бүгінде Павлодар ауданы инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға басымдық беріп отыр. Соңғы үш жылда аудан экономикасына 58,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Биыл негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 42,8 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 38,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 252%-ға өсті.

Тікелей шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Jielong Holdings (Kazakstan)» ЖШС май экстракциялау зауытының құрылысы. Кәсіпорын жылына 120 мың тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдеп, кемінде 80 тұрақты жұмыс орнын ашады.

Сонымен қатар ауданда жаңа элеваторлар, құрама жем өндірісі, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылым мен жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту жоспарланған.

Черноярка және Ефремовка ауылдық округтерінде қонақүй, кафе, жанармай құю бекеті және қызмет көрсету нысандары бар заманауи жол бойындағы кешендер бой көтереді. Бұл жобаларға салынатын инвестиция көлемі шамамен 3,7 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар ауданда туризм саласы да дамып келеді. «Энергетик» және «Черноярская жемчужина» демалыс үйлерін жаңғырту жоспарланып, онда жыл бойы демалуға қолайлы жағдай жасалады.

Жұмыс сапарының тағы бір нысаны – Набережное ауылындағы «Andas Agro» ЖШС болды. Кәсіпорын сүт өндірумен, картоп және көкөніс өсірумен айналысады. Сүт-тауар фермасы шамамен 1,5 мың бас ірі қараға арналған, ал бір тәуліктегі сүт өнімі 10 тоннаға дейін жетеді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешені, өңдеу, логистика және туризм салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру Павлодар ауданында 250 астам жаңа жұмыс орнын ашып, 42,8 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1222089?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді