Қарағанды облысында табиғи өрттерді дрондардың көмегімен бақылайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында дала және орман өрттерін бақылауда дрондар қолданылады. Ұшқышсыз аппараттар өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, оттың таралу бағытын болжауға мүмкіндік береді. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында биыл ауылдық жерлерде жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылады.

 

Өрт қаупі бар кезеңге дайындық мәселесі аппараттық кеңесте қаралды.

– Табиғи өрттермен күресу үшін өңірде 60 техника бірлігі, 571 жеке құрам және бір тікұшақ тұрақты дайындық режимінде тұр. Департаменттің командалық орталығында тәулік бойы жедел штаб жұмыс істейді. Орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректерін талдау үшін ғарыштық мониторинг арқылы өрт жағдайы бақылауға алынады. Өртті барлау және оның таралу бағытын болжау үшін 10 дрон қолданылады, – деді облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

Оның айтуынша, 148 елді мекенді қорғауды қамтамасыз ететін 66 өрт бекеті тәулік бойы кезекшілік атқарады. Биыл аудандарда тағы 18 бекет ашу және қолданыстағы 14 бекетті жаңғырту жоспарланған. ТЖД еріктілерге қажетті техниканы беруге дайын.

28–29 мамыр күндері «Бұйратау» ұлттық паркінің аумағында табиғи өрттер кезіндегі барлық қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында «Өрт-2026» оқу-жаттығуы өтеді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаевтың мәліметінше, Кув орман шаруашылығын өрттен авиациялық қорғау мәселесі шешілген. Сонымен қатар табиғатты қорғау үшін өртке қарсы минералды жолақтар жасалуда.

Орманды-далалық аумақтар мен демалыс орындарында мобильді топтар рейд жүргізуде. Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін от жаққан, құрғақ шөпті өртеген және өзге де ережелерді сақтамаған 30 адамға айыппұл салынды. Орман өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері бойынша 7 хаттама толтырылған.

 

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табиғи өрттердің алдын алу шараларын күшейтіп, рейдтерді жандандыруды тапсырды.

– Табиғи өрттерге жедел әрекет ету үшін күш-құралдардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы – ірі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін дер кезінде қорғау шараларын қабылдау, – деді өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-mynbaev/press/news/details/1222725?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді