ҚР ІІМ Алматы академиясында дарынды жастардың республикалық байқауы ұйымдастырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы өзінің 70 жылдық мерейтойы аясында Ішкі істер министрі кубогына арналған дәстүрлі “Жас IT-дарын” және “Жас із кесуші” республикалық байқауларын ұйымдастырды.

     Биылғы байқаулар 5 наурыз бен 16 сәуір аралығында өткізіліп, еліміздің барлық өңірлерінен келген дарынды мектеп оқушыларын біріктірді. Қатысушылар ақпараттық технологиялар, цифрлық сауаттылық, логикалық ойлау және із кесу бағыттары бойынша өз білімдері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетті.

     Жуырда байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

     “Жас із кесуші” байқауының қорытындысы бойынша І орынды — Игілік Азамат Сүйінтайұлы, ІІ орынды — Қолашев Еламан Қуантқанұлы, ІІІ орынды — Түзелбаева Сандуғаш Айбергенқызы иеленді.

     Ал “Жас IT-дарын” байқауының жеңімпаздары: І орын — Әбдіқожа Елдос Олжасұлы, ІІ орын — Еркебұланқызы Гүлім, ІІІ орын — Түсіп Нұрдәулет Манарбекұлы.

     Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстап, жастарға сәттілік тіледі.

– Бүгінде талантты әрі бастамашыл жастарды қолдау – аса маңызды міндеттердің бірі. Осындай байқаулар оқушылардың қабілетін ашып, олардың заманауи технологияларға, құқықтық мәдениетке және елге қызмет етуге деген қызығушылығын арттырады. Болашақта бұл жастар еліміздің білікті мамандары мен нағыз патриоттарына айналады деп сенеміз, – деді Қалижан Қобландин.

     “Заң мен тәртіп” идеологиясы аясында іс-шараға Kazdream IT Holding, Алматы қаласы полиция департаменті, Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы және “Самғау” шығармашылық және даму орталығы қолдау көрсетті.

     Іс-шара барысында Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы мен “Самғау” шығармашылық және даму орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

     Құжатқа академия бастығы Қалижан Қобландин мен “Самғау” орталығының директоры Ермек Ербошаев қол қойды.

     Аталған келісім жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға, цифрлық қауіпсіздік саласындағы білімдерін кеңейтуге және патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта тараптар бірлескен білім беру және шығармашылық жобаларды жүзеге асырып, семинарлар, форумдар, кездесулер мен ақпараттық қауіпсіздікке арналған іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

     Марапаттау рәсімімен қатар Алматы қаласының 10-сынып оқушыларына арналған семинарлар, интеллектуалдық ойындар, викториналар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен бірге кибербуллингтің алдын алу, интернет қауіпсіздігі және виртуалды ойындардың зияны тақырыптарында пайдалы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ оқушыларға дрондарды басқару және ұшыру мүмкіндіктері таныстырылып, бұл көрсетілім жасөспірімдердің ерекше қызығушылығын тудырды.

     Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі — қазақстандық “Патруль” сериалының жұлдыздарымен өткен кездесу болды. Марапаттау рәсіміне актерлер Әділжан Шомбалов, Медет Аманбаев, Дильшат Имамдунов, Бексұлтан Пилал, Ілияс Көпжасаров, сондай-ақ сценарист әрі режиссер Ильхан Исхакбаев қатысты. Кездесу барысында жастар сүйікті актерлерімен еркін сұхбаттасып, түсірілім барысы, мамандық және өмірлік құндылықтар туралы сұрақтарын қойды.

– Біз әрдайым шынайы полиция қызметкерлерінің еңбегінен шабыт аламыз. Күн сайын қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген мамандардың жауапкершілігі мен адалдығы сериалдағы оқиғалардың негізіне айналады. Сондықтан жастардың бұл мамандыққа құрметпен қарап, қоғамға қызмет етудің маңызын түсінуі өте маңызды, – деді актер Әділжан Шомбалов.

     Байқау қатысушылары да өз әсерлерімен бөлісті. 

– Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастармен танысып, бүгінде IT мен цифрлық қауіпсіздік саласындағы білімнің қаншалықты маңызды екенін түсіндім, – деді “Жас IT-дарын” байқауының жеңімпазы Еламан Қолашев.

     Ал “Жас із кесуші” байқауының жеңімпазы Сандуғаш Түзелбаева: “Із кесу мен логикаға қатысты тапсырмалар өте қызықты өтті. Ал «Патруль» сериалы актерлерімен кездесу мен үшін ерекше әсерлі сәт болды”, – деп атап өтті.

     Мұндай іс-шаралар “Жастар және полиция” жобасы аясында өткізіліп, жастардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамытуға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1222362?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді