Әйелдер әлеуетіне инвестиция – тұрақты дамудың негізі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Телеграмм КС – https://t.me/consot_kz

 

2026 жылғы 13–15 мамыр аралығында Бұхара қаласында «Әйелдерге инвестиция салу – орнықты өсудің негізі: әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында II Азия әйелдер форумы өтті.

Форум Өзбекстан Республикасы Президентінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясында жариялаған бастамасының практикалық жалғасы болды. Самарқанд қаласында өткен алғашқы форум әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі халықаралық диалог алаңының өзектілігін растады және әлемдік қауымдастықтың кең қолдауына ие болды. Екінші форумның өткізілуі өңірлік ынтымақтастықтың тұрақты платформасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.

Ашылу салтанатында Саида Мирзиёева форум қатысушыларына мемлекет басшысының құттықтау жолдауын оқып берді.

Шараға 20-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қоры Атқарушы директоры, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өкілдері, халықаралық қаржы институттарының, парламенттердің, үкіметтердің, дипломатиялық корпус пен халықаралық және өңірлік құрылымдардың өкілдері болды.

Қазақстан Республикасы форумда жоғары деңгейде ұсынылды. Делегация құрамы Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дәния Еспаева.

Жалпы форумға мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтың, іскер топтардың, әлеуметтік саланың өкілдері және әйел көшбасшыларды қоса алғанда, шамамен 250 қатысушы жиналды.

Форум аясында әйелдердің мемлекеттік басқаруға және шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы, әйелдердің экономикалық әлеуетін нығайту, ғылым, білім беру, инновациялар мен жасанды интеллектті дамыту, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мен құқықтық кепілдіктерді күшейту мәселелеріне арналған төрт тақырыптық сессия өтті.

Қатысушылар орнықты әрі инклюзивті қоғам құрудың маңызды шарты ретінде әйелдердің әлеуметтік қорғалуына және олардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударды.

Аталған сессияның модераторлары Жерен Гүвен Гүреш және Сирожиддин Абдуллаев болды.

Талқылауға халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, парламенттердің, сондай-ақ сарапшылық және академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Эльвира Азимова өз сөзінде қазіргі заманғы құқықтық жүйенің күші тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, адам қадір-қасиетін қорғау және әйелдердің бейбітшілік пен басқару үдерістеріне қатысуы мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы болған жағдайда ғана көрінетінін атап өтті.

Қазақстан Конституциялық Сотының Төрағасы елде іске асырылып жатқан, 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген құқықтық саясатты таныстырды.

Эльвира Азимованың айтуынша, бұл қағидат азаматтардың құқықтарын алдын ала қорғауға, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін енгізуге бағытталған.

Сессия барысында қатысушылар цифрлық кеңістіктегі гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлықтың әйелдердің экономикалық мүмкіндіктеріне әсері, зияткерлік меншікті қорғау, сондай-ақ әйелдердің әлеуметтік-экономикалық белсенділігін қолдау мәселелерін талқылады.

Форум қорытындысы бойынша Азия елдеріндегі әйелдердің білім беру, ғылым, саясат, экономика және қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтуға, сондай-ақ өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Бұхара декларациясы қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1223343?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді