
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, мекеме және ұйым жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыру жұмыстарының қорытындылары қаралды.
Мәжіліс барысында қала әкімі 15 мамыр күні Түркістан қаласында жоғары деңгейде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің тарихи маңызына тоқталып, аталған халықаралық іс-шараның қасиетті шаһардың халықаралық беделін арттырудағы ерекше рөлін атап өтті.
Қала басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммит аясында Түркістанның мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың маңызды орталығы ретіндегі мәртебесіне ерекше назар аударғанын жеткізіп, ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша сала өкілдеріне алғыс білдірді.
Саммит қарсаңында қала аумағында ауқымды абаттандыру және көркейту жұмыстары жүргізілді. Көшелер мен саябақтар тазартылып, санитарлық тазалық қамтамасыз етілді. Мыңдаған гүл көшеттері отырғызылып, ағаштар егілді, жасыл аймақтар көбейтілді. Сонымен қатар жол инфрақұрылымы ретке келтіріліп, қоғамдық орындардың келбеті жаңартылды. Қалаға келген шетелдік меймандар Түркістанның тазалығы мен заманауи келбетіне жоғары баға берді.
Қала әкімі бұл жұмыстардың бір реттік науқанмен шектелмеуі тиіс екенін атап өтіп, жауапты бөлімдер мен мекемелерге қала тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, егілген ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауды, көпқабатты тұрғын үйлер мен көшелердегі жарықшамдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталып, тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы қажет екенін айтты.
Мәжіліс барысында Мемлекет басшысының Қазақстанның абыройы мен беделі жолында адал еңбек еткен әкімдік, мемлекеттік мекемелер, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары мен еріктілерді мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау туралы шешімі жеткізілді.
Бұдан бөлек, қала әкімі маусым айында жоспарланған халықпен кездесу аясында тұрғындар тарапынан бұған дейін көтерілген мәселелердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1223302?lang=kk

Жауап қалдыру