Ақтөбе облысында «WorldSkills Aqtobe – 2026» кәсіби шеберліктің өңірлік чемпионаты басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңірлік чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі Актөбе индустриалды-кәсіптік колледжі базасында өтті.

Ауқымды чемпионатқа 400-ден астам қатысушы мен сарапшы қатысуда. Жарыстар 70 құзыреттілік бойынша өткізіледі, олар IT, инженерлік мамандықтар, құрылыс, сервис, дизайн, педагогика, ауыл шаруашылығы, өндірістік технологиялар және қызмет көрсету салаларын қамтиды.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімін Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева ашты. Ол қатысушыларға арнаған сөзінде WorldSkills қозғалысының жас мамандардың тәжірибе алмасуы мен кәсіби дамуына тиімді алаң екенін атап өтті.

«WorldSkills — бұл тек жарыс алаңы ғана емес. Бұл тәжірибе алмасу мен кәсіби өсуге үлкен мүмкіндік. Сіздердің әрқайсыларыңыз осы чемпионатқа қатысу арқылы еліміздің экономикасының болашағы болып табыласыздар және өз салаларыңыздың дамуына үлес қосасыздар. Мұнда алған білім мен тәжірибе сіздерге алдағы уақытта пайдалы болсын.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп, көптеген жобаларды жүзеге асырып отыр. Бұл бағытқа айтарлықтай қолдау көрсетілуде — жыл сайын колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып келеді, тек биылдың өзінде тоғыз оқу орны жаңғыртылды.
Жасалып жатқан жағдайлар мен барлық деңгейдегі қолдау сіздердің кәсіби дамуларыңызға берік негіз болады деп сенемін. Сіздерге осында алған білім мен тәжірибе арқылы өз ісінің жоғары білікті маманы болып, үлкен жетістіктерге жетулеріңізді тілеймін».

Чемпионат екі кезең бойынша өтуде: бірінші кезең 12 колледж базасында ұйымдастырылып, 48 құзыреттілікті қамтыды, ал екінші кезең Актөбе индустриалды-кәсіптік колледжі базасында 22 құзыреттілік бойынша өтуде.
Салтанатты рәсім барысында чемпионат туын табыстау және қатысушылар мен сарапшылардың ант беруі өтті, содан кейін «WorldSkills Aqtobe – 2026» чемпионатына ресми түрде старт берілді.

Конкурс жұмыстарын тәжірибелі сарапшылар мен әлеуметтік серіктес кәсіпорындардың өкілдері бағалауда. Процестің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық тәуелсіз сарапшылар да тартылған.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 40 колледж жұмыс істейді, оның 23-і кәсіби бағыттар бойынша мамандар даярласа, 13-і жұмысшы мамандықтарына оқытады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде өңір бойынша 28 238 студент білім алуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1223294?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді