
Қазақстанның әйелдер жастар құрамасы регби-7-ден Ташкентте өткен халықаралық «CASA Ташкент регби-7» турнирінде күміс жүлдеге қол жеткізді. 2026 жылғы 16–17 мамыр күндері ұйымдастырылған беделді додаға Орталық және Оңтүстік Азияның мықты командалары қатысты.
Қазақстандық жас регбишілердің бұл жетістігі елдегі спорт резервінің әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Турнирдің ерекшелігі – Қазақстан жастар құрамасымен өнер көрсетсе, негізгі қарсыластары саналатын Шри-Ланка мен Өзбекстан өздерінің ересектерден құралған ұлттық құрамаларын алаңға шығарды.
В пулының ойындарында қазақстандық қыздар бес кездесудің төртеуінде жеңіске жетіп, 13 ұпаймен топ көшін бастады. Олар Өзбекстан мен Үндістанның ересектер құрамаларын артта қалдырып, ең үздік ұпай айырмашылығын (+36) тіркеді. Сонымен қатар, команда қорғаныстағы сенімді ойынымен де ерекшеленді.
Финалда Қазақстан құрамасы тәжірибелі Шри-Ланка командасымен тартысты матч өткізіп, күміс медаль иеленді. Жастар құрамасының мұндай деңгейдегі қарсыластармен тең дәрежеде ойнауы қазақстандық регби мектебінің дамып келе жатқанын және халықаралық бәсекеде бәсі жоғары екенін аңғартты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1223337?lang=kk

Жауап қалдыру