
Халықаралық музейлер күніне орай «Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің» ұйымдастыруымен қала музейлерінде «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты ауқымды мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына рухани кеш сыйлады. Мерекелік іс-шаралар тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Бұл күн музейдің жай ғана жәдігерлер сақталған орын емес, халықтың мәдени болмысын қалыптастыратын, ұлттың рухани тамырын тереңнен танытатын ерекше кеңістік екенін тағы бір мәрте айқындады.
Сондай іс-шаралардың бірі Хакім Абай музейінде өтті. Мұнда жас ұрпақтың музей әлемімен етене танысуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына және тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттыруға басымдық берілді. Сонымен қатар, музей саласының ардагер қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, олардың көпжылдық еңбегі бағаланды. Ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан мазмұнды кездесулер көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Осыған ұқсас тағылымды шаралар қаланың өзге де музейлерінде жалғасын тапты. Әсіресе Шым қала тарихи-мәдени кешені ұйымдастырған «Музей – тарих қойнауындағы қазына» атты кеш ауқымдылығымен ерекшеленді. Шымкенттің мыңжылдық тарихынан сыр шертетін көне шаһар аумағы бұл күні рухани мерекенің орталығына айналды. Кешенге келген қонақтар театрландырылған қойылымдар мен тарихи көріністер арқылы өткен дәуірдің тынысын сезінді. Ұлттық аспаптардың әуенімен қарсы алынған келушілер көне шаһар атмосферасына бірден еніп кетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1223057?lang=kk

Жауап қалдыру