Заң мен махаббаттың қызметі: Дамир мен Ұлбосынның хикаясы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Дамир – криминалдық полицияның бастығы, Ұлбосын – штабтың аға инспекторы. Екеуі де форма киіп, ел тыныштығы үшін еңбек етіп қана қоймай, өзара түсіністікке, адалдық пен шынайы сүйіспеншілікке негізделген отбасы құрып отыр.

Дамир Мелис пен Ұлбосын Баймұханованың хикаясы ортақ қызметтен бастау алды. 2020 жылы Ұйғыр аудандық полиция бөлімінде танысып, бірдей құндылықтар, жауапкершілік пен еңбекқорлық оларды жақындастырды. Үш жыл өткен соң, олар ресми түрде отбасын құрды.

Дамир – Мақан Есболатов атындағы ІІМ академиясының 2016 жылғы түлегі. Қызмет жолын қылмыстық полицияда жедел уәкіл ретінде бастап, табандылығы мен кәсібилігінің арқасында қылмыстық блоктың жетекшісіне дейін көтерілді. 2024 жылдың қазан айынан бастап Ұйғыр аудандық криминалдық полиция бөлімін басқарып келеді.

Ұлбосын – Абай атындағы ҚазҰПУ-дың құқық магистрі. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2020 жылы бастап, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектордан штабтың аға инспекторы қызметіне дейін сатылып көтерілген жауапты маман.

– Қызметтің құрбандықты қажет ететінін екеуіміз де түсінеміз: ұзақ ауысымдар, шұғыл сапарлар, шұғыл жағдайлар. Бірақ дәл осы сәттер бірге өткізген әр минутты бағалауға үйретеді, – дейді Ұлбосын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1223455?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді