
19 мамыр күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері әрі түрколог Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «Қылқаламдағы қазақы рух» атты сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрме ақын, өлкетанушы, коллекция жинаушы, мұрағатшы, Ұлан ауданының Құрметті азаматы Алдияр Ақылбекұлы Әубәкіровтің ұйымдастыруымен өткізілді. Шара аясында көрермен назарына Алдияр Ақылбекұлының жеке мұрағатында сақталған сирек суреттер мен құнды өнер туындылары ұсынылды.
Кеш барысында Олжас Сүлейменовтің әдеби мұрасы, түркі әлемінің руханиятына қосқан еңбегі мен ұлттық мәдениеттегі орны кеңінен сөз болды. Көрмеге қойылған әрбір туынды қазақ рухы мен тарихи танымды бейнелейтін ерекше дүниелер ретінде көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Шарада көрмені ұйымдастырушы Алдияр Әубәкіров сөз сөйлеп, экспозициядағы жұмыстардың тарихына тоқталды. Сонымен қатар құрметті қонақтар қатарында болған СССР Жазушылар одағының мүшесі, Ханой қаласының Құрметті азаматы Борис Васильевич Щербаков пен ҚР суретшілер одағының мүшесі, суретші Болат Каримұлы, Николай Павлович Аштеме көрме туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Тағылымды шара ұлттық өнерді насихаттап, тарихи жады мен рухани құндылықтарды дәріптеген мазмұнды мәдени кездесу ретінде есте қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/1223909?lang=ru

Жауап қалдыру