
«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы Ресей қалаларында көшпелі роуд-шоулар сериясын ұйымдастырды. Алғашқы іс-шара Омбы қаласында өтті, ал келесі роуд-шоулар 20 мамырда Новосібірде және 22 мамырда Екатеринбургте өтеді.
Іскерлік бағдарлама Астананың туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған. Қатысушыларға қаланың негізгі көрікті жерлері, туристік инфрақұрылымы және іс-шаралар күнтізбесі таныстырылды. Оның ішінде Леонардо да Винчи көрмесі, Cirque du Soleil шоуы, «Future Games 2026» мультиспорттық турнирі, Энрике Иглесиастың концерті, ұлттық тағамдар мен қымыз фестивалі BaiQymyz бар.
Делегация құрамына елорданың туристік саласындағы 18-ден астам өкіл кірді: туроператорлар, қонақ үйлер, туристік нысандар, әуе компаниялары және туристік бизнестің өзге де қатысушылары.
Омбыдағы салтанатты іс-шараны Омбы облысы мәдениет министрінің орынбасары Светлана Бакулина ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Ресейді тарихи тұрғыдан тығыз экономикалық ықпалдастық байланыстыратынын, ал туризмді дамыту екі ел арасындағы көпжылдық әрі нәтижелі ынтымақтастықтың жалғасы болатынын атап өтті.
Бағдарлама аясында қатысушыларға Астананың туристік әлеуеті таныстырылды. Оның ішінде елорданың іс-шаралар күнтізбесі, негізгі туристік өнімдер мен бағыттар: b-leisure (business + leisure), медициналық, өнеркәсіптік, мәдени-ойын-сауық, wellness және гастрономиялық туризм ұсынылды. Сондай-ақ Ресей нарығына бағытталған дайын туристік ұсыныстар таныстырылды.
«Қазақстанды болашағы зор туристік бағыт ретінде қолдап, оған қызығушылық танытып отырған ресейлік серіктестерімізге алғысымды білдіргім келеді. Бұл іс-шара екі ел арасындағы туристік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды», — деп атап өтті «Astana Tourism» басқарма төрағасының орынбасары Саят Құсайынов.
Іс-шара аясында «Омск-400» оқиғалық іс-шараларды ұйымдастыру, туризмді дамыту және жобаларды басқару жөніндегі өңірлік орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1224765?lang=ru

Жауап қалдыру