
Атырау облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Назар аударыңыз – балалар!” республикалық акциясы аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға бағытталған “ХХІ ғасыр көшбасшысы” интеллектуалдық сайысы өтті.
Іс-шараға қаладағы алты жалпы білім беретін мектептің оқушылары қатысты. Сайыс барысында жасөспірімдер жол қозғалысы ережелері, құқықтық сауаттылық және логикалық ойлау бағыттары бойынша білімдерін сынға салып, өзара бақ сынасты.
Кездесу кезінде полиция қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе жаяу жүргіншілер өткелін дұрыс пайдалану, жол белгілеріне мұқият болу және түнгі уақытта қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі кеңінен түсіндірілді.
Сайыс қорытындысы бойынша №43 орта білім беретін мектептің “Тәртіп сақшылары” командасы І орынды иеленді. Исатай Тайманов атындағы орта білім беретін мектептің “Жас толқын” командасы ІІ орынға тұрақтаса, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта білім беретін мектептің “Бағдаршам жұлдыздары” командасы ІІІ орын алды. Үздік нәтиже көрсеткен командалар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1224692?lang=ru

Жауап қалдыру