
Облыс әкімі Асхат Шахаров Мұғалжар ауданына жұмыс сапары барысында Қандыағаш қаласынан Ембі қаласына дейінгі жолмен жүріп өтіп, жолдың қазіргі жағдайын бағамдады.
Биыл Ізімбет ауылы мен Ембі қаласы арасындағы жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыстар жақын күндері басталады.
Жөнделетін учаскенің ұзындығы – 39,9 шақырым. Бұл жолмен күн сайын 300-ге дейін автокөлік қатынайды. Негізінен, бұл – жылдар бойы жолды жөндеуді сұрап келген ауыл тұрғындары.
Жалпы, республикалық маңызы бар KZ04-02 «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автожолы 1960–1970 жылдары салынған. Жалпы ұзындығы – 401 шақырым.
Аталған автожолды күтіп ұстау аясында шұңқырларды жамау, жол жабыны мен жол жиектерін тегістеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
2023–2025 жылдары жолдың 155 шақырым бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Атап айтқанда, Ырғыз ауданында – 10 шақырым, Мұғалжар және Шалқар аудандарында (Қотыртас ауылынан Шалқар қаласына дейінгі учаске) – 95 шақырым, сондай-ақ Қандыағаш қаласынан Ізімбет ауылына дейінгі 50 шақырым жол жөнделді.
Маңызды логистикалық бағытты жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Атап айтқанда, Ырғыз ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі, Қостанай облысының шекарасынан Т.Жүргенов ауылына дейінгі учаскелерде, сондай-ақ Ақтөбе – Әлімбет бағытындағы 24 шақырым және Ақтөбе қаласының Солтүстік айналма жолындағы 21 шақырым бөлікте жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1224340?lang=ru

Жауап қалдыру