
Ү.ж. 4-7 мамыр аралығында Мюнхен қаласында өткен IFAT München 2026 халықаралық көрмесіне Қазақстан делегациясы қатысты. Делегация құрамында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Н.К. Солтамбеков және «DECARBONIZE SOLUTIONS GROUP» ЖШС Басқарма төрағасы Ә.Сабитұлы болды. IFAT München 2026 экологиялық технологиялар саласындағы жетекші халықаралық көрме болып табылады, оның негізгі бағыттары сумен жабдықтау, ағынды суларды тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу, циркулярлық экономика және ресурстарды үнемдеу мәселелерін қамтыды.
Сапар бағдарламасы аясында делегация су шаруашылығы, зертханалық талдау, ағынды суларды тазарту және экологиялық технологиялар саласындағы бірқатар жетекші компаниялар мен ғылыми ұйымдардың шешімдерімен танысты. Бағдарламаға System S&P GmbH компаниясының стендіндегі кездесулер, Мюнхен техникалық университетінің қалалық су шаруашылығы бағытымен танысу, сондай-ақ WTW/Xylem, Hach Lange, MAXX, Flottweg, Mecana, Kuhn GmbH, H2Ortner және Flygt компанияларының технологиялық шешімдерін қарау кірді.
Іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы экологиялық технологиялар, су ресурстарын басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және ағынды суларды тазарту салаларындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Қазақстан Республикасы Бас консулдық делегация сапарын ұйымдастыру мен үйлестіруге қолдау көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-munich/press/news/details/1224358?lang=ru

Жауап қалдыру