Мемлекет басшысы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға қол қойды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.

 Заң Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленіп, мемлекеттік қызмет моделін одан әрі жаңғыртуға бағытталған.

Жаңа редакциядағы Заңның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру.

Осы мақсатта Заңда мемлекеттік қызметтің мақсаты мен оны өткеру қағидаттарын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптарды бекіту көзделген.

Заң мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізуді көздейді. Олар мемлекет көрсететін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет алдында тұрған міндеттерді тиімді орындауға бағытталған.

Заңда мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделген.

Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында заңда мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институтын енгізу қарастырылған. Ол мемлекеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған білім беру іс-шаралары кешенін қамтиды.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрлық форматқа көшіру.

Кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Заңда бір лауазым шеңберінде көлденең ілгерілету тетігін енгізу көзделген. Ол «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін лауазымдық деңгейді белгілеуді қарастырады және олардың лауазымдық жалақысының мөлшері осы деңгейге байланысты болады.

Заңда тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімдері олардың ауырлығына қарай сараланған. Сонымен қатар жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, сондай-ақ жауапкершілікті болдырмайтын негіздерді бір мезгілде ескеруге мүмкіндік беретін нормалар айқындалған.

Тәртіптік жазалармен қатар құқықтық ықпал етудің қосымша шаралары да көзделген. Олардың қатарына профилактикалық әңгімелесу, құзыреттерді тексеру және мемлекеттік қызметшілер қызметіндегі бұзушылықтардың алдын алуға әрі оларды жоюға бағытталған өзге де шаралар енгізілген.

Заңда мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесетін тұлғалардың құқықтық мәртебесін бекіту көзделген. (олардың қатарына келісімшарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер, шетелдік жұмыскерлер, мемлекеттік органдардың қызметін техникалық тұрғыдан қамтамасыз ететін тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды жүзеге асыратын адамдар жатады.).

Аталған тұлғалардың қызметтік әдеп талаптарын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жауапкершілік қолдану мәселелері реттелген.

Заңға енгізілген түзетулер блогы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкестендіруге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1223636?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді