
2026 жылғы 20 мамырда департамент басшысының орынбасары А. Муканова «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша 2025 жылы атқарылған шаралар және алда тұрған міндеттер» тақырыбындағы кездесуге қатысты. Аталған іс-шара Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан ұйымдастырылып, оған облыс аумағындағы қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар тарапынан ұсынылған пікірлер мен ұсыныстарды қарастыру болды.
Іс-шара барысында департамент басшысының орынбасары әлеуметтік қорғау саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар, оңалту қызметтерін көрсету тәртібі, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында қоғамдық ұйымдардың өкілдері техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарға арналған оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігін әзірлеу, оларды ауыстыру мерзімдері, қажетті құралдармен қамтамасыз ету тәртібі, сондай-ақ оңалту орталықтарына жолдау кезінде ескерілетін медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер бойынша сұрақтар көтерді.
А. Муканова көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес толық түсіндірме беріп, техникалық оңалту құралдарын алу тәртібі, оларды пайдалану мерзімдері және қайта ауыстыру шарттары туралы нақты ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылып отырғанын, мемлекеттік қолдау шаралары алдағы уақытта да жетілдірілетінін атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қоғамдық ұйым өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, айтылған ұсыныстар мен өтініштер назарға алынатыны жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zko/press/news/details/1224708?lang=ru

Жауап қалдыру