
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Моңғолия делегациясына мемлекеттік қызмет саласындағы цифрлық шешімдер мен кадрлық процестерді автоматтандыру бойынша қазақстандық тәжірибені таныстырды. Іс-шара Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Моңғолия делегациясының екі күндік жұмыс сапары 2025 жылы Астанада өткен халықаралық GovHR форумында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Моңғолияның Мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі кеңесі арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясында өтті.
Кездесу Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі инновациялық шешімдерді дамыту мәселелеріне арналды. Моңғол тарапы Қазақстанда енгізілген HR-технологияларға, мемлекеттік қызметті басқарудың цифрлық архитектурасына және «e Qyzmet» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытты.
Жұмыс сапары барысында делегация мүшелеріне кадрларды іріктеу, мемлекеттік қызметке қабылдау, ауыстыру, бағалау және мансаптық өсуді автоматтандыру тетіктері таныстырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардағы HR-процестерді бір жүйеге біріктіретін «e-Qyzmet» платформасының функционалы көрсетілді. Аталған жүйе кадрлық құжат айналымын автоматтандыруға, мемлекеттік қызметшілер туралы деректерді жүйелеуге және адами фактордың ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүйе кадрлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді.
Кездесу барысында тараптар мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін де талқылады. Қазақстан тарапы AI-технологияларды мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруда, деректерді талдау мен кадрлық шешімдер қабылдау процесінде қолдану тәжірибесімен бөлісті. Тараптар мұндай халықаралық ынтымақтастықтың тәжірибе алмасуға, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге және заманауи HR-шешімдерді дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл бағыттағы 2 бастамалар Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі әлеуетін одан әрі нығайта түсетіні айтылды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия мемлекеттік қызметті цифрландыру, HR-технологияларды дамыту және үздік тәжірибелерді енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1224785?lang=ru

Жауап қалдыру