ШЫМКЕНТТЕ КҮРДЕЛІ ОПЕРАЦИЯЛАР ЖҮЗДЕГЕН АДАМ ӨМІРІНЕ АРАША БОЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласында жыл басынан бері МӘМС қаражаты есебінен 200-ге жуық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде ми қан тамырларының күрделі патологиялары, жүрек-қан тамырлары аурулары, сондай-ақ бүйрек пен бауыр трансплантациясы бойынша жоғары күрделіліктегі оталар жасалған.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы ұйымдастырған БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында айтылды.
Журналистерге Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында сәтті жүзеге асырылып жатқан ағза алмастыру операциялары, сондай-ақ қан тамырлары және рентгенэндоваскулярлық хирургия бағытындағы күрделі оталар таныстырылды. Іс-шараның мақсаты – халыққа МӘМС жүйесі аясында қолжетімді жоғары технологиялық медициналық көмектер мен қаладағы медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін көрсету.

Қымбат әрі жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі жыл сайын артып келеді. Бүгінде бұл бағытта қалада 8 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Сақтандырылған азаматтар МӘМС жүйесі есебінен күрделі ота түрлерін жасатып, қажетті ем қабылдай алады. Бұл күрделі диагнозы бар пациенттердің сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді, – деді Қор филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы мамандандырылған стационарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін көпбейінді медициналық ұйым болып табылады.

Бас дәрігері Бахытжан Позилов атап өткеніндей, аурухана 530 төсек-орынға лайықталған. Оның ішінде 375 төсек хирургиялық профиль бойынша тәулік бойы қызмет көрсетеді. Аурухананың трансплантология бөлімінде жалпы 32 бауыр және 250 бүйрек алмастыру отасы сәтті жасалған. Білікті дәрігерлер құрамы заманауи медициналық технологияларды қолдану және халықаралық тәжірибені енгізу нәтижесінде пациенттерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуде.

Баспасөз туры барысында журналистер қан тамырлары және рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің жұмысымен де танысты. Ангиографиялық операциялық блок пациенттерге тәулік бойы шұғыл және жоспарлы көмек көрсетеді. Мұнда жыл сайын 600-ге жуық операция жасалады. Жылдан жылға денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру да артуда. Бүгінде қалада 174 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 34-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1224761?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді