
Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Ауқымды тексерудің басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларына тікелей әсер ететін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесу.
Рейдтің алғашқы екі күнінде патрульдік полиция қызметкерлері 222 құқық бұзушылықты анықтады. Антирейтингтің көшін көлік жүргізу кезінде гаджетке алаңдаған жүргізушілер бастады: ұялы телефон пайдаланғаны үшін 27 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Екінші орында міндетті мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендер — 16 дерек тіркелді. Үздік үштікті тіркелмеген немесе мемлекеттік нөмірсіз көлік құралдарын басқарған жүргізушілер түйіндеді.
Бұдан бөлек, инспекторлар мас күйінде көлік жүргізу, қауіпті маневр жасау және автокөлікті заңсыз қайта жабдықтау секілді ондаған қауіпті құқық бұзушылықтардың жолын кесті.
Соңғы күндері анықталған өрескел деректердің қатарында:
* Павлодар қаласында Астана көшесінде Audi автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, қауіпті маневр жасаған.
* Омбы — Майқапшағай тасжолында патрульдік полиция мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген Sonlink мотоциклінің жүргізушісін тоқтатты.
* Малайсары батыр көшесі мен Кіші айналма жол қиылысында рұқсат құжаттарынсыз көлігінің құрылымын заңсыз өзгерткен ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі ұсталды.
— Әрбір дерек бойынша барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ЖПІШ-тің мақсаты — облыс тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Азаматтарды тексеру шараларына түсіністікпен қарауға шақырамын. «Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасы 25 мамырға дейін жалғасады, — деп атап өтті Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1223565?lang=ru

Жауап қалдыру