
Жамбыл облысында алғаш рет республикалық «Жас сақшы» форумы өтті
Жамбыл облысында «Баласағұн» орталық концерт залында республика көлемінде алғаш рет «Жас сақшы – қауіпсіз болашаққа қадам» атты форум өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің 19 облысынан «Жас сақшы» сыныптары қатысты.
Форум қонақтары Жамбыл облысының әкімі, ҚР ІІМ өкілдері, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, облыстық Полиция департаментінің жеке құрамы, әр облыстан келген делегаттар, мектеп директорлары, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары болды.
Тағылымды жиынның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру және полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайту.
Шара барысында «Жас сақшы» сыныптарының қызметі мен оқушыларға құқықтық және патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Жалпы, қазіргі таңда облыста 43 полиция сыныбы ашылып, онда 900-ге жуық оқушы білім алуда.
Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев жиында сөйлеген сөзінде «Жас сақшы» жобасының жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
ҚР ІІМ Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің өкілі Есжан Арыстанов форумның жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудағы рөліне тоқталып, «Жас сақшы» сыныптарының тиімділігіне ерекше назар аударды.
Ал Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев өз кезегінде бұл жоба жастардың заңға құрметін қалыптастырып, полиция мен қоғам байланысын нығайтудағы үлесіне тоқталды.
Сахна төрінде оқушылар буллинг, есірткі қылмысының алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі тақырыптарында қойылымдар ұсынып, жас сақшылар оларды заң аясында талқылады.
Форум аясында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға 15 жаңа автокөліктің кілті табысталды. Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінен келген «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары мен жетекшілері марапатталды.
Іс-шараның жарқын сәттерінің бірі – Тараз қаласындағы №15 мектеп-гимназиясының оқушылары мен Полиция департаменті қызметкерлері орындаған «Жас сақшы гимнінің» тұсаукесері болды.
Сондай-ақ форум қатысушылары Жамбыл облысы Полиция департаментінің музейін аралап, полиция тарихымен танысты. Бұдан бөлек, жас сақшылар Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орталық «Жеңіс» саябағында орналасқан Халық қаһарманы, полиция капитаны ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым жасады.
Форум соңында ұйымдастырушылар «Жас сақшы» жобасы өскелең ұрпақты заңды құрметтеуге, елге қызмет етуге тәрбиелейтін маңызды бастама екенін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1224140?lang=ru

Жауап қалдыру