
Жетісу облысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Департаменттің Кинологиялық қызмет орталығының мамандарымен бірлесіп, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің бірінде профилактикалық іс-шара өткізді. Рейдтің негізгі мақсаты — пошта арқылы тыйым салынған заттарды жіберу деректерін анықтау және жолын кесу.
Тексеру барысында қызметтік-іздестіру иттері келіп түскен және жөнелтілетін сәлемдемелерді есірткі құралдары мен өзге де тыйым салынған заттардың бар-жоғына тексерді. Мұндай іс-шаралар есірткіні заңсыз таратудың алдын алып, қылмыстық әрекеттерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Полицейлер пошта қызметкерлерімен профилактикалық жұмыстарға да ерекше назар аударды. Оларға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін жауапкершілік түсіндіріліп, күмәнді жөнелтілімдер анықталған жағдайда әрекет ету тәртібі жеткізілді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының жедел жұмысына ғана емес, азаматтардың қырағылығына да тікелей байланысты.
— Есірткі қылмысы қоғамға, әсіресе жастарға үлкен қауіп төндіреді. Пошта жөнелтілімдерін қызметтік иттердің көмегімен тексеру тыйым салынған заттарды заңсыз жіберу әрекеттерін тиімді анықтауға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз — есірткінің таралуына жол бермей, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — деп атап өтті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында.
Полицейлер тұрғындарды бейжай қарамай, есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген күмәнді деректер туралы хабарлауға шақырады. Тек бірлескен күш-жігер арқылы қауіпсіз әрі салауатты қоғам қалыптастыруға болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1223617?lang=ru

Жауап қалдыру