
Жетісу облысының полиция қызметкерлері қызметте ғана емес, халықаралық спорт аренасында да ел намысын лайықты қорғай алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жетісу облысы Полиция департаментінің басшылығы 12–18 мамыр аралығында Түркия Республикасының Анталия қаласында өткен джиу-джитсудан халықаралық чемпионаттан оралған спортшыларын ерекше мақтанышпен қарсы алды.
Беделді жарысқа әлемнің 25 елінен 350-ге жуық спортшы қатысты. Қатаң бәсекеге қарамастан, Жетісу облысының полиция қызметкерлері жоғары дайындық деңгейін, мықты мінез бен нағыз спорттық рухты көрсетті.
94 келіден жоғары салмақ дәрежесінде полиция капитаны Ауданбаев Даурен Бірлікұлы чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ал 85 келіден жоғары салмақ дәрежесінде полицияның аға лейтенанты Жақсылық Шерхан Мейрамбекұлы күміс жүлдегер атанды.
Спортшыларды елге оралғаннан кейін Полиция департаментінің басшылығы, әріптестері және жеке құрам салтанатты түрде қарсы алды. Жеңімпаздарға халықаралық аренада Қазақстан мен Жетісу облысы полициясының абыройын асқақтатқандары үшін алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1223571?lang=ru

Жауап қалдыру