Ақмола облысында вокзалдарды жаңғырту жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында 120-дан астам теміржол вокзалы жаңартылмақБұл бағытта Ақмола облысы көшбасшы болып отыр – жобаға бірден 16 нысан енгізілген. Өңірлерге жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов реконструкция және құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Негізгі нысандардың бірі – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған Жақсы ауылындағы теміржол вокзалы. Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталуға жақын, дайындық деңгейі шамамен 90%-ды құрайды. Ғимаратты жаңарту кезінде халыққа мүлде жаңа әрі жайлы жағдай жасауға басымдық берілген: ішкі санитарлық тораптар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолайлы аймақтар қарастырылған. Нысанды пайдалануға беру жаз мезгіліне жоспарланған.

1943 жылы салынған Есіл қаласының теміржол вокзалы толықтай бұзылып, оның орнына жаңа ғимарат бой көтеруде. Жоба аясында вокзал маңындағы алаңды кешенді абаттандыру көзделген: брусчатка төселіп, асфальт жабыны толық жаңартылады және ескерткіш ауыстырылады. Барлық құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Өңір басшысы мердігер ұйым мен жергілікті атқарушы органдарға ғимарат құрылысы мен оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын қатар әрі сапалы жүргізуді тапсырды.

Марат Ахметжанов бұған дейін кешігулер тіркелген нысандардағы жұмыс кестесінің бұзылуына жол бермеу қажеттігіне ерекше назар аударды. Солардың бірі – Атбасар қаласының теміржол вокзалы. Қаптаманы демонтаждау кезінде анықталған жарықтар салдарынан техникалық тексеру қорытындысы бойынша ескі ғимаратты толықтай бұзуға тура келген.

«Вокзал барлық стандарттарға сай салынып жатыр. Біз жолаушылар мен қызмет көрсетуші персонал үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Ғимаратта балалы жолаушыларға арналған демалыс бөлмелері, балалар ойын алаңы, буфет, сондай-ақ жеке санитарлық тораптары бар мүгедектігі бар азаматтарға арналған бөлмелер қарастырылған. Жұмысты жаздың ортасына қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді «Integra Construction KZ» ЖШС филиалының директоры Арман Нұрмұқанов.

Атбасардағы нысанда жертөлені су басу мәселесі толық шешіліп, ғимараттың жалпы аумағы едәуір ұлғайтылған. Қазіргі таңда құрылысшылар ғимараттың қасбетін фиброцемент панельдерімен қаптап, жылу контурын жабу жұмыстарын жүргізуде. Облыс басшылығының тапсырмасымен кешігуді жою үшін жұмыстар екі ауысымда атқарылып жатыр.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов құрылыс материалдарының сапасын қатаң бақылауды, мерзімдерді созбауды және ең бастысы, осы ауқымды жаңғырту тұрғындардың қолайлығы үшін жүргізіліп жатқандықтан, жергілікті халықтың пікірі мен сұраныстарын міндетті түрде ескеруді тапсырды.

Айта кетейік, өңір бойынша сегіз вокзалдың дайындық деңгейі 90%-дан асса, қалғандарының көрсеткіші 31%-дан 75%-ға дейін жетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1225864?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді