БАДАМ АУЫЛЫНДА ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері жалғасуда. Осыған сәйкес, аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында аудан басшысы алдыңғы есепті жиында тұрғындар тарапынан көтерілген 4 мәселенің екеуі толық орындалып, қалған екі мәселе бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, Орда шағын ауданындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған. Сонымен қатар Бадам ауылының Ақдала көшесіндегі мектепке баратын жолға аяқ жол салу және ескі электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Ақдала көшесіндегі электр желілері мен бағаналарын жаңарту бойынша сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы қарастыру мақсатында аудандық бюджетке сұраныс жолданған.
— Өздеріңіз көріп отырғандай, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт қажет болады. Дегенмен, көтерілген мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен өз шешімін табады, — деді аудан әкімі.
Кездесу барысында су шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Биыл «Керіш» каналының 2,2 шақырымы мен «Ақбұлақ» және «Көшік» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағын суды үнемдейтін озық технологияларды кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
2025 жылы аудан бойынша 1 595 гектар егістік алқапқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері енгізілсе, Бадам ауыл округінде 60 гектар жерге жаңбырлатып, 26,5 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілген.
Ал биыл аудан көлемінде 2 580 гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта мемлекет тарапынан шаруалардың шығындарының 80 пайызына дейін субсидия қарастырылған.
Сонымен қатар мәдениет саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен Бадам ауылында мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды өңірді дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, елді мекеннің өзекті мәселелері тұрғындармен бірге жүйелі түрде шешілетінін атап өтті.
Есепті кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар ұсыныс-пікірлерін айтып, өз сауалдарына нақты жауап алды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1224850?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді