
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері жалғасуда. Осыған сәйкес, аудан әкімі Азат Оралбаев Бөржар ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекенде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында аудан басшысы өткен есепті жиында тұрғындар тарапынан көтерілген 13 мәселенің екеуі толық шешімін тауып, қалғандары бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жиында ауыл округіндегі инфрақұрылым, жол, ауызсу, табиғи газ және көше жарығына қатысты атқарылған жұмыстар кеңінен таныстырылды. Аудан әкімі инвестиция тарту көрсеткіші қазіргі таңда 3/5 пайызды құрап отырғанын, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар шалғайдағы Қалаш ауылына өткен жылы асфальт жол төселгені айтылып, биыл Теспе ауылына жол салу үшін бюджеттен қаржы қарау ұсынылғаны жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Көше жарығын орнату бойынша Қайнар мен Жаманқарай елді мекендеріндегі жұмыстар аяқталып, ендігі кезекте орталық көшелер бойына жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр.
Негізгі мәселелерге тоқталған аудан әкімі аудан көлемінде биыл табиғи газбен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізу жоспарланғанын атап өтті. Қазіргі таңда бірқатар елді мекендерде газ тарту жұмыстары жүргізіліп, кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Шалғайдағы Қалаш ауылынан өзге елді мекендерде тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ білім, денсаулық және спорт салалары бойынша нысандар жоспарға сәйкес салынуда. Ауызсу мәселесіне қатысты Қайнар елді мекенінде нақты жұмыстар жүргізіліп, аудан әкімі бұл жұмыстардың басы-қасында өзі жүргенін атап өтті.
Бұдан бөлек, өткен жылы Бөржар ауылындағы ішкі көшелер жаңғыртудан өтіп, Ықыластемір елді мекеніндегі су мәселесін шешу бағытында жұмыстар жүргізілген. Тоқболат пен Бірлік ауылдарындағы су мұнаралары ауыстырылған.
Кездесу барысында тұрғындар аяқ жол салу, ауызсу тарифі, спорт кешенін салу және көше жарығына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі көтерілген мәселелер бақылауда екенін айтып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Сонымен қатар ауыл округінде абаттандыру жұмыстары қарқын алып, мәдениет үйі аумағы мен әкімдік ғимараты маңында көркейту және тротуар салу жұмыстары жүргізілген.
Есепті кездесу ашық форматта өтіп, аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, көкейдегі сауалдарына нақты жауап берді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1224849?lang=ru

Жауап қалдыру