
Екібастұзда құқықтық мәдениет, қауіпсіздік және жасөспірімдер арасындағы тәуекелдердің алдын алу мәселелеріне арналған ауқымды «Ekibastuz Fest: Заң мен тәртіп» жастар фестивалі өтті.
Фестиваль алғаш рет профилактикалық жұмысты мектеп қабырғасынан тыс, ашық қалалық алаңдарда және жастармен тікелей диалог форматында ұйымдастырды. Іс-шараға оқушылар, студенттер, педагогтер, еріктілер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғамдық ұйымдар қатысты.
Шара «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамалары аясында өтіп, профилактиканы жасөспірімдерді ерте қолдау жүйесі ретінде қарастыратын жастар саясатының жаңа тәсілін көрсетті.
Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр, Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов, сондай-ақ білім беру, прокуратура, полиция және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Фестиваль барысында жасөспірімдер қылмысының алдын алу және қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қонақтарға «Айқын нәтиже» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз шағынаудан» пилоттық жобасы таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба мектептер, құқық қорғау органдары мен шағынаудан тұрғындары арасындағы тұрақты байланысты күшейтіп, қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтауға бағытталған.
«Қазақстан» алаңында интерактивті аймақтар, полицияның арнайы техника көрмесі, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша жастар акциялары, сондай-ақ экологиялық бастамалар ұйымдастырылды.
Фестиваль қатысушылары есірткі жарнамасы жазылған граффитилерді бояуға қатысып, «Әділетті қоғам» арт-баннеріне өз тілектерін қалдырды.
Фестиваль қатысушылары алдында сөз сөйлеген Асайын Байханов ел болашағы жас ұрпақтың жауапкершілігіне, тәрбиесі мен біліміне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Екібастұз жастарының белсенділігімен, білімге құштарлығымен және еңбекқорлығымен ерекшеленетінін айтты.
Фестивальдің символдық жалғасы ретінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Құрметті қонақтар мен қатысушылар №26 мектеп аумағына ағаш отырғызып, қауіпсіз әрі жауапты орта қалыптастырудың маңызын көрсетті.
Фестиваль жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға арналған «ҮШ ТАҒДЫР» қысқаметражды фильмінің көрсетілімімен аяқталды. Заманауи кино тілі арқылы ұйымдастырушылар жасөспірімдермен өмірлік таңдау, жеке жауапкершілік және ойланбай жасалған әрекеттердің салдары туралы ашық әңгіме өрбітті.
Ведомство өкілдерінің пікірінше, мұндай формат жастарды тарту, сенім қалыптастыру және ерте қолдау арқылы жасөспірімдер тәуекелдерінің алдын алудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1225546?lang=ru

Жауап қалдыру