Маңғыстау облысында Tour de Bozjyra Vol.4: Under The Ocean халықаралық велошеруі өтті — бұл өңірдегі спорттық туризмді, белсенді өмір салтын және Маңғыстаудың бірегей табиғатын насихаттайтын ең ауқымды жобалардың бірі.
Жобаның төртінші маусымы рекордтық көрсеткішке ие болып, Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген 130-дан астам қатысушыны жинады. Ұзындығы 150 шақырымды құрайтын маршрут Жаңаөзен қаласынан басталып, еліміздің ең көрікті табиғи орындарының бірі — Бозжыра шатқалында аяқталды.
Маршрут бойында қатысушыларға кәсіби медициналық сүйемелдеу, техникалық қолдау және демалыс пен күш жинауға арналған арнайы пит-стоптар ұйымдастырылды.
Биылғы велошерудің басты ерекшеліктерінің бірі — жобаның әлеуметтік бағыты болды. Ұйымдастырушылар Қазақстанның әртүрлі қалаларынан аутизм спектрі бұзылысы бар балаларды арнайы шақырып, оларға велошеруге тегін қатысу мүмкіндігін ұсынды. Бұл балалар үшін ауқымды спорттық шараның бір бөлігіне айналып, Маңғыстаудың табиғатымен танысып, қолдау мен бірліктің ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік болды.
Велошерудің ең әсерлі сәттерінің бірі Бозжырадағы түнгі аялдама болды. Қатысушылар үшін ашық аспан астында кемпинг ұйымдастырылып, кешкі бағдарлама, еркін әңгіме және таңды әйгілі плато көріністерінің арасында қарсы алу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл қатысушыларға тек спорттық бағытты бағындырып қана қоймай, өңірдің табиғи мұрасын, ерекше атмосферасын және Маңғыстаудың өзіндік энергетикасын тереңірек сезінуге жол ашты.
Бүгінде Tour de Bozjyra жай ғана велошеру емес, Маңғыстау облысының табиғи көрікті жерлерін халықаралық деңгейде танытып, Қазақстандағы белсенді және ішкі туризмді дамытуға үлес қосып келе жатқан ірі туристік әрі мәдени жобаға айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1225549?lang=ru

Жауап қалдыру