Президент мәдениет қайраткерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында ұлттық мәдениет пен руханияттың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы бүгінгі марапаттардың ел мәдениетін өркендетуге және рухани құндылықтарды дәріптеуге сүбелі үлес қосқан өнер иелеріне көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

Президент қазақтың дәстүрлі өнерін жарты ғасырға жуық уақыт бойы кеңінен насихаттап келе жатқан белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистрованы ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өнер иесі ұлттық мәдениетті дәріптеп қана қоймай, жас таланттарға өнеге көрсетіп келеді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Татьяна Бурмистрованы ең жоғары мемлекеттік марапат – «Отан» орденімен наградалау туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының көрнекті өкілі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» ордені табысталатынын жеткізді. Президент әншінің халқымыздың, әсіресе әйелдер қауымының арасында ерекше құрметке ие екенін атап өтті.

Сондай-ақ Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталатыны айтылды. Мемлекет басшысы оның Қазақстан мәдениеті мен театр өнерінің дамуына айрықша үлес қосқанын атап өтті.

Президент кәсіби мереке қарсаңында мәдениет саласының бірқатар өкіліне «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілетінін де мәлімдеді. Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет қайраткерлерінің еңбегі ел руханиятын байытып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1225487?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді