
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жазғы туристік маусымға дайындық» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиында ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов жазғы маусымға дайындық барысы туралы баяндады.
Баспасөз конференциясы барысында Туризм және спорт министрлігі әкімдіктермен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және туристік қызмет сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатқаны айтылды.
Жазғы туристік маусымға дайындық аясында елдегі сегіз негізгі туристік аймақта тексеру жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Алакөл, Балқаш, Бурабай, Каспий теңізінің жағалауы және Шығыс Қазақстандағы туристік бағыттар бар. Өңірлерде құтқару бекеттері, санитарлық-гигиеналық нысандар, коммуналдық жағажайлар мен визит-орталықтар салынып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде.
Әсіресе курортты өңірлердегі көлік қолжетімділігі мен жазғы маусымдағы жоғары жүктемеге ерекше назар аударылуда. Қарағанды облысында Балқаш туристік кластерін дамыту, әуежайды жаңғырту және жаңа әуе бағыттарын ашу жұмыстары жалғасуда. Ақмола облысында Бурабай курортын жаңғырту жобасы жүзеге асырылып, автотұрақтар мен туристік инфрақұрылым нысандары дамытылып жатыр.
Алматы облысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды жаңарту, жол желісін дамыту және ұлттық парктерді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу өңірінде Алакөл жағалауының көлік қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, Үшаралға әуе рейстері мен теміржол қатынасы күшейтіледі. Маңғыстау облысында жағажайлар мен жағалау аумақтары жаңартылып, қауіпсіздік және сервистік инфрақұрылым кеңейіп келеді.
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында туристік кластерлерді дамыту, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу, орналастыру орындарын салу және демалыс аймақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар оқиғалық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Республикалық іс-шаралар күнтізбесіне мәдени, спорттық және гастрономиялық бағыттағы 55 ірі іс-шара енгізілген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1224842?lang=ru

Жауап қалдыру