
Женева, 2026 жылғы 19 мамыр – Қазақстандық Mirai Tech стартапы WIPO Global Awards 2026 беделді халықаралық сыйлығының финалистері қатарына еніп, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) мойындауына ие болған әлемдегі санаулы инновациялық жобалардың біріне айналды.
2026 жылы конкурсқа 126 елден 1 300-ден астам өтінім түсті. Көпсатылы іріктеу нәтижесінде халықаралық сарапшылар тұрақты бизнесті дамыту үшін инновациялық шешімдер мен зияткерлік меншікті тиімді пайдалануды көрсеткен шағын және орта кәсіпорындар мен стартаптар арасынан 33 финалист анықтады.
Қазақстандық Mirai Tech стартапы «Спорт» арнайы номинациясы бойынша финалист атанды. Бұл номинация 2026 жылғы Дүниежүзілік зияткерлік меншік күні – «Зияткерлік меншік және спорт» тақырыбы аясында құрылған.
Компания қозғалысты бақылап, жарақат алу қаупін бағалай алатын, батареясыз жұмыс істейтін инновациялық ұлтарақтар әзірледі. Технология алты жыл бойы жүргізілген университет зерттеулерінің негізінде жасалып, Қазақстанда патентпен қорғалған, халықаралық тіркеу процесі жалғасуда. Бұл шешім спортшылардың қауіпсіздігін арттыруға және олардың физикалық жағдайын бақылауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстандық стартаптың ДЗМҰ-ның беделді халықаралық сыйлығының финалына шығуы еліміздің инновациялық экожүйесінің өсіп келе жатқан әлеуетін көрсетіп, қазақстандық әзірлеушілердің зияткерлік меншікті тиімді басқару арқылы әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық шешімдер жасай алатынын дәлелдейді.
Сыйлық финалистері WIPO Global Awards Alumni Community халықаралық қауымдастығына қосылып, инвесторлармен, акселераторлармен, сарапшылармен және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болады.
Жеңімпаздар 2026 жылғы 10 шілдеде Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде, ДЗМҰ Бас Ассамблеясы аясында өтетін марапаттау рәсімінде жарияланады.
Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі Mirai Tech командасын маңызды халықаралық жетістігімен құттықтап, байқаудың қорытынды кезеңінде табыс тілейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1225283?lang=ru

Жауап қалдыру