
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов су тасқыны кезеңінің қорытындылары мен суару маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.
2026 жылғы су тасқыны кезеңінде Қазақстандағы лимандар мен көл жүйелеріне экологиялық мақсатта 12,8 млрд текше метр еріген қар суы жіберілген. Бұл бірқатар өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан Түркістан облысының Созақ ауданына 1 млрд текше метрден астам су жіберілді.
Ертіс өзені бассейніндегі жайылма шалғындарды суландыруға 6,42 млрд текше метр су бағытталған. Қазіргі таңда Павлодар облысындағы Ертіс өзенінің жайылмасын су басқан аумақ көлемі 297 мың гектардан асып, жалпы аумақтың 88%-ына жеткен.
Балқаш көлін сумен толықтыру мақсатында 2025 жылғы қазаннан биылғы сәуірге дейін Қапшағай су қоймасынан 3,74 млрд текше метр су жіберілді.
Бүгінде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жиналған. Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық.
Министрлік болжамдарды ескере отырып, биылғы вегетация кезеңіне арналған су пайдалану лимиттерін бекітті. Атап айтқанда, Қызылорда облысына – 3,2 млрд текше метр, Алматы облысына – 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына – 1,8 млрд текше метр, Жамбыл облысына – 900 млн текше метр, Түркістан облысына – 3,8 млрд текше метр су лимиті белгіленген.
Белгіленген лимиттер негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс құрылымы да оңтайландырылған.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын жедел енгізуді ынталандыру мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған субсидия көлемі алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есеге ұлғайтылды. Бұл қаржы су үнемдеу технологияларын енгізуге және су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға бағытталады.
Вегетация кезеңі басталғанға дейін барлық дайындық жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, 1840 шақырым ирригациялық канал механикалық тазартудан өтті, 680 шақырым ирригациялық желі қайта жаңғыртылды және 375 гидротехникалық нысан жөнделді.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК филиалдары каналдар арқылы суды тұрақты жеткізу үшін 181 сорғы агрегатын дайындаған. Қосымша тағы 92 сорғы сатып алу жоспарланып отыр. Мысалы, мемлекетаралық «Достық» каналында 8 агрегаттан тұратын 3 сорғы станциясын іске қосу жоспарланған.
Елдің оңтүстік өңірлерінде жалпы ұзындығы 968 шақырым болатын және 65 мың гектар жерді қамтитын 103 ирригациялық каналды автоматтандыру басталды. Бұған қоса, бұрын реконструкциядан өткен жалпы ұзындығы 1184 шақырым болатын 270 каналды автоматтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ автоматтандыру элементтері мен заманауи су есептеу жүйелері енгізілетін 264 ирригациялық каналды реконструкциялау жобасы бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр.
«Жыл басынан бері шаруалармен су беру жөніндегі келісімшарттарды электронды форматқа көшіру жүзеге асырылып жатыр. Енгізіліп жатқан ақпараттық жүйе өтінім беруден бастап келісімшарт жасауға, нақты су тұтынуды есепке алуға және төлем жүргізуге дейінгі бүкіл су қамтамасыз ету циклін қамтиды. Қазіргі таңда 25 мыңнан астам электронды келісімшарт жасалды. Сонымен қатар енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер Жерді қашықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторингпен толықтырылып жатыр. Бұл жүйемен еліміздің бес оңтүстік облысы толық қамтылған. Жалпы вегетация кезеңі штаттық режимде өтіп жатыр және министрліктің тұрақты бақылауында», – деді СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.
Жыл басынан бері ғарыштық мониторинг нәтижесінде Түркістан облысында келісімшартсыз су алу бойынша 39 дерек анықталған. Нәтижесінде шаруалардың шамамен 790 мың текше метр суды заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Қазір келтірілген шығынды өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар биылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында суды заңсыз пайдалану фактілері бойынша жалпы сомасы 41,7 млн теңгені құрайтын 149 әкімшілік айыппұл салынған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1225328?lang=ru

Жауап қалдыру